Қазығұрт тұрғындары су құбырын салуға қарсылық танытып жатыр

40

«Біздің тыныштығымызды бұзып жатыр». Осылай деген Қазығұрт шағынауданының тұрғындары арнамызға шағымданды. Үнімізді ешкім естімейді деген олар көшенің қазылып, құбыр салынуына қарсылық танытып отыр. Айтуыларынша, бұл аумаққа барлық инфрақұрылым жүргізіліп қойған. Ал құбыр, құрсайлықтарды сумен қамту үшін қажет. Жауапты шенеуніктер не дейді? Қараша халықтың талабы ескеріле ме?

Қазығұрт шағынауданы, Бұқар көшесінің тұрғындары бір аптадан бері тыныштығымыз бұзылды деп шағымданды. Айтуларынша, әкімдік Құрсайға су жүргізу үшін 500-ге жуық халық тұратын көшені қазбақшы. Ал бұл елдімекенде барлық инфрақұрылым толық жүргізілген. Асфальт жол да 2 жыл бұрын ғана салыныпты.

Акбар Емберді, Қазығұрт шағынауданының тұрғыны: «Бір екі жыл болды, мына асфалтьттің салынып біткеніне. Енді мына көшенің ортасын бұзып дәу құбырмен су өткіземіз деп жатыр. Президент Тоқаев айтып еді, жолды қайта-қайта істеп, бюджет қаражатын құртпаңдар деп. Рәсуа жасамаңдар деді. Бізде көшені де қайта бұзып істей береді. Рәсуа қылуды әбден үйреніп қалған».

Мұнда бір заңсыздық орын алып жатыр деп күдіктенген жұрт қазір көшені қарауылдап отыр. Осылайша, құбыр кіргізуге түбегейлі қарсылығымызды білдіреміз дейді. Өйткені, қысымы жоғары су қырда тұрған көшемізді шайып кетеді деп қауіптенеді.

Суханберді Рысалиев, Қазығұрт шағынауданының тұрғыны: «Ең қауіптісі, мынау тар, өзі 4-ақ метр көшенің ортасынан бір метр қазып, 300 диаметрлік трубаны жүргізіп, оның ішінде 16 атмосфералық су болады. Егер ол жарылатын болса, біздің көшеге қауіп төнеді».

Тұрғындар айтулы мәселені көтеріп бірқатар мекемелердің табалдырығын тоздырған. Прокуратураға да шағымданған олар әзірге нақты жауап болмай отыр дейді. Ал тапсырыс беруші қалалық инфрақұрылымды дамыту басқармасы, бірнеше күннен бері халықты көндіруге тырысып жатқан көрінеді. Қарапайым жұрт біздің үнімізді ешкім естігісі келмейді деп ашынады.

Қайнар Асқарбекұлы, Қазығұрт шағынауданының тұрғыны: «Мына көшемен тіке келудің орнына не үшін біздің Бұқар көшесіне алып барып, кейін мына жаққа қайта келеді. Өйткені, мына көшедегі кісілер қарсы болған».

Ал инфрақұрылымды дамыту басқармасы халықтың алдына келіп жауап беруден бас тартты. Бұған дейін екі рет тұрғындармен жолықтық деген шенеуніктер жиналыста екенін айтты.

Дегенмен жауапты мамандарды сөзге тартуды сәті түсті. Басқарма басшысының орынбасары мұнда 25 мың адамды ауыз сумен қамтитын құрылыс жүріп жатқанын және оған Бұқар көшесінің халқы кедергі келтіріп отырғанын айтты. Сөзінше, егер құбыр осы көшеден өтпесе мұндағу су қысымы азаяды. Өйткені, қазір жұрт ішіп отырған су жекеменшік екен.

Мақсат Ердембеков, Шымкент қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқарма басшысының орынбасары: «Ешқандай қауіп жоқ. Мына бір-ақ көше 25 мың адамның сапалы су ішуіне кедергі келтіріп отыр. Қарсы болса енді учасковыйды шақырамыз. Екі наряд полицияны қоямыз. Жолды проект бойынша қазамыз. Ол жол тұрғындардың меншігі емес. Ол үкіметтің меншігі. Проект бар, ордер бар бізде. Біз жолды жабамыз да жұмысымызды істеп кетеміз».

Қазір жұмыстың 95 пайызы аяқталған, тек осы көшеде құбыр жүргізілмегендіктен халық су іше алмай отыр дейді шенеунік. Ал мердігер мекеме тұрғындарға ешқандай қиындық тудырмаймыз деп уәде етіп отыр.

Муханбет Ергебеков, «Риголит» ЖШС өкілі: «Құбырды салып жөндеуге 10 күн шамасында уақыт кетеді. Тіпті, одан да ерте болып қалуымыз мүмкін. Негізі тұрғындардың қатты наразылығына байланысты асфальтты да саламыз деп отырмыз. Біз жол отырып кетпес үшін оны құммен толтырамыз. Егер отырып кетсе, біз мердігер компания қалыпқа келтіріп береміз».

Тағы бір рет халықпен кездесіп, түсіндіруге тырысамыз деген атқамінерлер одан пайда болмаса, күштеп әрекет етуге мәжбүрміз дейді. Өйткені, жол халықтың жекеменшігі емес дейді. Ал тұрғындар қалайда құбырды кіргізбейміз деп бекініп отыр. Тіпті, сотқа шағымданып, Астанаға арыздануға дайын.

Мөлдір Ибадуллаева