Келер жылы Шымкентте шағын және орта бизнеске арналған «Стандарт» индустриалды аймағы ашылады. Жаңа нысан бұрынғы Қорғасын зауытының аумағында орын тебеді.
Үшінші мегаполиске іс сапары барысында ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров индустриалды аймақтың құрылысымен танысты. Қазір мұнда инфрақұрылым жүйесі тартылғанымен, алдағы уақытта оның қуаттылығына тапшылық туындайды. Сондықтан сала жауаптылары министрлікке қосымша 3,5 млрд. теңге көлеміндегі қаржы бөлуге өтініш тастаған.
Аумағы 118 гектарды құрайтын жеке индустриалды аймақта 176 мың шаршы метр дайын өндірістік алаң салу жоспарланған. Сондай-ақ, мұнда арнайы қоймалар да салынады. Жалпы құны 30 миллиард теңгені құрайтын инвестициялық жоба аяқталса, 2 мыңнан астам халық жұмыспен қамтылады. Сондай-ақ, мұнда “Іскер қала” жобасы жүзеге асады деп күтілуде. Яғни, кәсіпкерлер үшін өндірістік бизнеске арналған орынның ақысына субсидия қарастырылады.
Айбек Сәттібаев, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «Бұл жерде бірінші кезекте жеңілдетілген несие береміз. Мұнда кәсіпкерлерге дайын орын дайындап береді. Яғни кәсіпкерде инвестициялық шығыны болмайды. Дайын орынға келіп өндірісін бастап кетеді. Орынды жалға алады. Жалға алу үшін тек құрал жабдыққа ақша керек. Сондықтан «Іскер қала» аясында 1,2 пайызбен 50 млн. теңгеге дейін кәсіпкерлерге береміз шағын өндірушілерге».
Осылайша келешекте «Стандарт» жеке индустриалды аймағы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің өндірістік алаңы ретінде қызмет көрсетеді. ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров ел экономикасын өркендетуге үлес қосатын жобаны қолдайтынын айтады.
Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық экономика министрі: «Осылардың барлығы жасалса өте жақсы. Кәсіпкерлерге ірі мүмкіндіктер ашылады. Біздің негізгі мақсат — экономикалық саясаттың негізі, шағын және орта бизнес өкілдерін қолдау және дамыту. Себебі ШОБ оның негізі. Ол қоғамға жақсы, экономикаға жақсы. Әйелдердің кәсіпкерлігінде тарту керек белсенді түрде. Себебі олардың да қосар үлесі жоғары».
Министр нысанның құрылысының бірінші кезеңімен танысып, жұмысты жоғары бағалады. Алдағы уақытта мұнда заманауи қоймалар, шағын өндірістік цехтар ашылады деп күтілуде. Бүгіннің өзінде жиһаз шығаратын және тігін фабрикалары аталған индустриалды аймақтан орын алуға өтінішін жолдап қойған.
Қазір бұл аймаққа инфрақұрылым жүйесі толық тартылған. Десе де алдағы уақытта кәсіпорын саны ұлғайған соң оның қуаттылығына тапшылық туындайды. Сондықтан сала жауаптылары бұл мәселені шешу үшін 3,5 млрд. теңге көлеміндегі жобалық сметалық құжатты да ұсынып қойған.
Мемлекет басшысы шағын және орта бизнеске барынша қолайлы жағдай жасау қажеттігі туралы тапсырма берген болатын. Шымкенттік шенеуніктер шаһарға арнайы іс сапармен келген министрден бұл өтінімді мақұлдауды сұрады. Айта кетейік, бұл нысанның құрылыс жұмыстары 2025 жылға дейін 3 кезең бойынша жүргізіледі.
Азиза Өтеулиева