Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары 2024 жылдан бастап енгізіледі

30

Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары 2023 жылы емес, 2024 жылдан бастап енгізіледі. Мәжіліс тиісті норма көзделген заң жобасын екінші оқылымда мақұлдап, сенаттың қарауына жіберді.

Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитеті «Кейбір заңнамалық актілерге мемлекеттік жастар саясаты мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» заң жобасы бойынша қорытындыда міндетті зейнетақы жарнасын енгізу мерзімі тағы бір жылға шегерілетіні айтылған.
«Депутаттар еңбекақы төлеу қорына жүктемені азайтуға бағытталған түзетулер енгізді. Заң жобасы аясында жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын енгізу мерзімін 2023 жылдан 2024 жылға ауыстыру жөніндегі нормалар көзделген. Бұл ретте осы жарналардың кезеңдік мөлшерлемесін 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап 1,5%-тен 2028 жылғы 1 қаңтардан бастап 5%-ке дейін белгілеу көзделеді», — делінген қорытындыда.
Сондай-ақ заң жобасына 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап Салық кодексінде көзделген микро және шағын кәсіпкерлік субъектілерінің қызметкерлері үшін бірыңғай төлемді төлеу жөніндегі нормаларды енгізу бөлігінде түзетулер енгізілді.