Грант ұтып, кәсібін дөңгелетіп отыр

39

Кәсіпкерлікпен айналысамын деген азаматтарға бүгінде мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуде. Көмектің барын Созақ ауданының тұрғыны Зәуре Аманбекова тағы бір дәлелдеді. 55 жасында кәсібін дөңгелеткен зейнеткер 3 жылда толағай жетістіктерге жетіп, бүгінде бірнеше жерлесін жұмыспен қамтып отыр.

Зәуре Аманбекова биыл 58 жасқа толды. «Осындай жаста бала кезімнен мақсат еткен арманыма жетемін деп ойламаппын. Алайда әрекет жасап ізденсең мұратыңа жетеді екенсің. Кәсібімді үй шаруасында отырып, тәтті нан пісірумен бастадым. Өзім Алматыда ЖОО тамақ өндірісінің технологы мамандығы бойынша оқып бітірген едім»,- дейді шолаққорғандық тұрғын.

Зәуре Аманбекова, Созақ ауданының тұрғыны: «Мен қандай кәсіп ашсам екен деп көп ойландым, азық түлік дүкенін ашу болатын мақсатым. Сосын соны дамытсам екен деп. Анам да айтатын «армандаған мамандығыңды неге тастап кеттің айналыспайсың ба» деген еді. «Әсел» пешім бар еді соған коржик, тәтті нан пісірдім алғашқыда».

Зәуре Аманбекова кәсібін дөңгелетемін деген азаматқа қазір барлық жағдай жасалған дейді. Ал өзі «Бастау бизнес» мемлекеттік бағдарламасына қатысып, 1 млн. 225 мың теңге көлемінде грант жеңіп алғанын айтады: «Ол қаражатқа қамыр илейтін жабдық, электр пешін, мұздатқыш және булочкаларға арналған листтар сатып алдым».

Бизнес иесі, «кәсіпті дамытуға отбасымызбен ат салыстық. Жолдасымнан бастап балам, келінім де осы бизнесте қазір»,- дейді.

Зәуре Аманбекова, Созақ ауданының тұрғыны: «Отбасында жолдасым қолдау көрсетті осы шағын цехты салып берді. Балам өнімдерді дүкендерге жеткізіп береді. Келінім екеуміз булочка пісіреміз. Тағы бір көрші келіншекті жұмысқа алғанбыз жаман емес табыс бар».

Теріскейлік кәсіпкер «бизнес ашудан қорықпау керек. Қазір барлық аудандарда кәсіпкерлікті қолдау бөлімдері жұмыс істейді. Ынтаңыз болса, курстарда оқып сүйікті ісіңізбен айналысуыңызға болады», – деп кеңес береді.