Орталықта 110 қызмет алушыға арнаулы әлеуметтік қызмет түрлері көрсетілуде

51

 Елімізде халықты әлеуметтік қорғау саласы – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірінен саналады. Мемлекет тарапынан халықтың әл-ауқатын жақсарту мақсатында көптеген бағдарламалар жүзеге асуда. Осы бағдарламаларды орындауда әлеуметтік сала қызметкерлерінің еңбегі орасан зор.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында келесі жылдан бастап әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне маңызды өзгерістер енгізіп, халықты әлеуметтік қорғау ісін жетілдіру қажеттігіне тоқталған болатын.
Әлеуметтік және зайырлы қоғамның басты міндеті – ерекше жағдайдағы азаматтар мен балаларға қолдау көрсету. Шымкентте мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту мақсатында – «Аялы алақан» №5 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы жұмыс істейді.
Орталық — арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж психоневрологиялық ауытқулары бар үш жастан он сегіз жасқа дейінгі мүгедек балаларға және тірек қимыл аппараты бұзылған үш жастан он сегіз жасқа дейінгі мүгедек балаларға жартылай стационарлық жағдайда қызметтер көрсетеді. Қазіргі таңда орталықта 110 қызмет алушыға арнаулы әлеуметтік қызмет түрлері көрсетілуде.
Шымкент қаласындағы отбасыларды әлеуметтік қолдау жүйесімен тікелей айналысатын бірегей мекеме — «Бақытты жанұя» орталығы. Орталықтың мақсаты – қиын жағдайға тап болған әр-бір отбасыға психологиялық, әлеуметтік және құқықтық көмек, сонымен қатар, отбасы институтының дамуына жан-жақты қолдау көрсету.
Мекеме жалпы 20 бағыт бойынша қызмет алушыларға көмек көрсетсе, биыл жыл басынан қысқа мерзімді тегін оқу курстарынан 600-ден аса ана өткен. Бүгінгі таңда, қала бойынша 37 014 адамға (ақпараттық қолдау, психологиялық, медиаторлық, құқықтық кеңес беру, атаулы әлеуметтік көмекке құжат тапсыру, білім, денсаулық сақтау, тұрғын үй кезегіне тұру, Еqov.kz порталы арқылы құжаттарды тапсыру немесе алу қызметтері, aleumet.egov.kz сайты арқылы азық-түлік себеттеріне тіркелуіне және т.б.) қызмет көрсетілді.