Балалар массажы орталығын ашып, кәсібін дөңгелетіп отыр

28

Бүгінде балалар массажына сұраныс көп екені белгілі. Облыс орталығы мен аудандарда орталықтар көптеп ашылғанымен шалғай шеттегі ауылда тұратындар үшін орталыққа келу оңай шаруа емес. Сондықтан да істің көзін тапқан кәсіпкерлер ауылдардан да орталықтарды көптеп ашып жатыр. Түркістан облысына қарасты Қазығұрт ауданында «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» мемлекеттік бағдарламасы кәсіпкерлік саласының дамуына тікелей ықпал етіп отыр.

Қазығұрт ауданы, Қазығұрт ауылының тұрғыны, ІІІ топ мүгедегі Усербаева Нурзада Жыңғылбайқызы жеке кәсібін бастап, табыс тауып жүр. Ол 2023 жылдың басында «Бизнес бастау» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін оқып, сертификат алған. Наурыз айында кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы шеңберінде мемлекеттік грантқа өтініш білдіреді. Жобасы ұтымды әрі болашағы зор болғандықтан бірден қолдау тапқан.
«Балалар массажы және егу бөлмесі» бизнес-жоспарын комиссия отырысында қорғап, қайтарымсыз грантқа ие болған. Гранттан бөлінген қаражатқа қажетті құрал-жабдықтарын сатып алып, балалар массажы мен егу шараларына арналған «Зере» орталығын ашып, бүгінгі күні халыққа қызмет көрсетіп отыр.
Сұраныстың көптігінен алдағы уақытта кабинеттер санын көбейтіп әрі жұмыскерлер қатарын арттыруды да жоспарлап отыр.