Шағын және орта бизнеске мораторий тағы бір жылға ұзарды. 2024 жылға дейін бизнес субъектілерін ешкім жөн-жосықсыз тексере алмайды. Бұл жайында «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Х съезінде Премьер-Министрдің орынбасары Ерұлан Жамаубаев мәлімдеді.
Бүгін съездің екінші күні. Кәсіпті тежеп тұрған түйткілдер міне әлі талқыланып жатыр. Нарықта баға тұрақталар емес. Тауардың бәрі қымбаттап жатыр. Ал Үкімет ауыл шаруашылығы өндірушілеріне субсидия бөлініп жатқанын айтады. Бірақ мұнымен ҰКП келіспей отыр. Өйткені мемлекеттік мекемелер уәделі көмек қаржыны толықтай бөле алмайды дейді. Бұл бағаны өсіруге алып келеді. Осы сұрақ съезде алдымен талқыланды. Оның үстіне салықтағы былық саланы дамытуға кедергі.
Салық кодексінде 700-ден аса бап бар. Ал шетелдерде ол жүзге де жетпейді. Әрі мәтіні түсініксіз, баптар бір-біріне қарама-қайшы дейді бизнес өкілдері. Мұны реттемесе болмайды. Қазір жаңа құжат жазылып жатыр. Ал кәсіпкерлерге қойылған талаптың 6000-ға жуығы сай емес. Оның барлығы жойылады. Әрі сьезд отырысында шағын және орта кәсіпті тексеруге арналған мораторий тағы бір жылға ұзартылатыны мәлім болды.
Сонымен қатар, енді мемлекеттік органдар нормативтік-қүқықтық актілердің кез-келгенін қабылдамас бұрын «Атамекен палатасымен келісуге міндетті. Бұл талап қазір де бар. Бірақ бұған жауаптылар үстіртін қараған. Бұдан былай оған жол берілмейді деді Премьер-Министрдің орынбасары.