Түркістанда «Қызыл кітапқа» енген арқарды сойып алған азамат ұсталды

148

«Қызыл кітапқа» енген тау арқарын ұстап, сойып алған тұрғын анықталды. Экологиялық қылмыстардың алдын алу жөніндегі «Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Бәйдібек аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері ер адамнан арқар етін тапты.

Тәртіп сақшылары сезікті жас жігіттен жауап алу барысында, ол қаптағы арқардың еті екенін мойындады. Және оны ұстаған кезін ұялы телефонына түсіріп алғанын айтқан. Белгілі болғандай, мал бағып жүрген азамат иттерімен бірге арқарды ұстап бірден сойып алыпты.

Мансұр Аманбай, ТО ПД жергілікті полиция қызмет бөлімінің инспекторы: «Нақтырақ айтсақ, Бәйдібек ауданы Табиғатты қорғау тобының инспекторы полиция капитаны Алмас Серіков, күнделікті жұмысын атқару кезінде, таулы аймақта атты ер адамды байқап, оны тоқтатып не мақсатпен жүргенін сұрастырады. Сондай-ақ тұрғынның өзімен бірге алып келе жатқан қапқа көзі түсіп, күмәнданған полицей тексереді. Осы кезде қап ішінен белгісіз аңның жаңа сойылған еті табылып, тәркіленіп алынды».

Бүгінде аталған жайт ҚР ҚК-нің 339-бабы «Сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған өсімдіктер мен жануарлар түрлерін, олардың бөліктерін немесе дериваттарын заңсыз пайдалану» бойынша тіркеуге алынып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.