Жастар санаты 35 жасқа дейін ұлғайтылды

117

Қазақстанда жастар санаты 35 жасқа дейін ұлғайтылады. Елде «Мемлекеттік жастар саясаты туралы Қазақстан Республикасы Заңының» жобасы әзірленді. Бұл жоба парламент мәжілісінде мақұлданып, сенатқа жолданып отыр.

Заң жобасы мақұлданса, мемлекеттік бағдарламаға қатысатын азаматтар саны екі есеге ұлғаяды. Жастардың басым бөлігі неге 29 жасқа дейін өз баспанасын алып тұрақты жұмысқа орналасып үлгермейді?

Қазақстанда жастар санаты 35 -ке дейін ұлғайтылады. Сарапшылардың мәліметінше, енді ел халқының үштен біріне жуығы, яғни, 6,2 млн. адам жастар категориясына жатқызылады. Бұл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда екі есеге артық. Бұл азаматтар жастарды қолдау бағдарламаларына қол жеткізе алады. Мәселен жастар практикасы және алғашқы жұмыс орны жобасына қатысуға мүмкіндік бар. Бұдан өзге, жастарға қайтарымсыз грант иегері атанып, бизнес ашуға 400 АЕК қаржылай қолдауға ие болу жобасы да қаралған.

Ұлпан Шегенова, «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ департамент директорының орынбасары: «Жастарға мемлекет тарапынан қолдау көп. Мәселен олар енбек.кз сайтында онлайн форматта тегін орыс тілі, қазақ тілі, ағылшын тілі курсын оқи алады. Оқытудан өткендер сертификатқа да ие болады. Бұдан басқа, 1С, сиэрэм жүйесімен жұмыс істеуді де меңгере алады. Әртүрлі бағыттағы оқытулар қарастырылған. Тіпті құлпынай өсіру жолында үйренуге мүмкіндік бар».

Алдағы уақытта 29-35 жас аралығындағы жастарға арналған бағдарлама саны да артуы мүмкін. Мамандардың сөзінше, әлемде адамның өмір сүру ұзақтығы артып келеді. Егер бұрын 35 жаста немере сүйгендер қатары көп болса, қазір жастар білім мен мансапқа көбірек көңіл бөледі. Тек 30 жастан кейін ғана олар отбасын құрып, жеке баспана алуды ойлайды, дейді мамандар.

Арман Байғанов, экономист: «Қазіргі таңда жастар уақытын білімге, біліктілігін арттыру шараларына жұмсайды. Одан кейін ғана некеге тұрады. Тіпті дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сүйенсек, жастардың жоғарғы жас шегі 44 болып белгіленген».

Сондай-ақ жастардың басым бөлігі 29 жасқа дейін жеке баспанасын алу үшін қаржы жинап үлгермейтінін айтады. Себебі тәжірибесі аз жас маманның айлығы да көп емес. Сондықтан баспанаға қаражат жинауға уақыт қажет. Десе де енді жастар санаты бойынша елде түрлі баспана бағдарламалы іске асып жатыр.

Дәурен Саудабаев, «Отбасы банк» АҚ Шымкент қаласы бойынша филиалының директоры: «Көптеген өңірлерде «Алматы» және Елорда жастары» секілді тұрғын үй бағдарламалары іске асып жатыр. Менің білуімше жастарды баспаналы ету үшін несиелендіру жобасы республикалық бағдарламаны іске қосу үшін жұмыстар жүріп жатыр».

Ал жастарға арналған жалдамалы пәтер бағдарламасы үш мегаполисте ғана іске қосылған. Айта өтсек, 2006 жылдан бері Қазақстанда алғаш рет «Жастар саясаты туралы» заңға елеулі өзгерістер енгелі отыр.

Заң жобасы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында қабылданып, Сенатқа жолданды. Бұл құжатта жастардың даму индексі енгізіліп, олардың әлеуметтік қызметтері мен NEET санатындағы жастарға құқықты мәртебе беру қарастырылып отыр.

Азиза Өтеулиева