Úı ANONS «Балалар жылына» мемлекеттік бюджеттен 44 млрд. теңге бөлінген

«Балалар жылына» мемлекеттік бюджеттен 44 млрд. теңге бөлінген

Шымкент мектептерінде жаңа жылдық ертеңгіліктен өзге мерекелік іс-шара өткізуге рұқсат жоқ. Сонымен қатар, мектеп жасындағы балаларға пиротехникалық заттарды қолдануға да тиым салынған. Бұл туралы қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева брифингте мәлім етті. Жиында «Балалар жылында» атқарылған бірқатар іс-шара барысы баяндалды.

Биыл Шымкентте «Балалар жылын» өткізуге 44,6 млрд. теңге қаражат бөлінген. Бұл қаржыға 7 бағыт бойынша 84 іс-шара өткізу жоспарланған болатын. Оның ішіне мектептер салу, түрлі мерекелік шаралар ұйымдастыру, оқушыларды өнер мен білімге баулитын орталықтар құру енеді. Ал бастауыш сынып оқушыларын ыстық тамақпен қамтуға 12 млрд. теңге жұмсалған.

Жанат Тәжиева, Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы: «Балалар жылы қарсаңында 1 қаңтардан бастап Шымкентте бірінші рет бастауыш сынып оқушылары 1 реттік ыстық тамақпен қамтамасыз етілді. Бастауыш сынып оқушысының саны 77 709-ды құрап отыр. Одан бөлек 5 пен 11 сынып оқушылар да ыстық тамақпен қамтылды. Оқушылар мектеп формасы, жазғы лагерлерге де демалыспен қамтылды»

Қала мектептері 100 пайыз бейнебақылау, дабыл, турникет жүйесімен қамтылды. Балалардың қауіпсіздігі үшін барлық жағдай жасалып жатыр. Ал жаңа жылды мерекелеу кезінде оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында арнайы ойын-сауық орталықтарында кештер өткізуге тыйым салынады. Білім басқармасы одан бөлек бірқатар ескертулер жасап өтті.

Жанат Тәжиева, Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы: «Балалардан, ата-анадан қаржы жинауға қатаң тыйым салынады. Сонымен қатар, білім ордаларында өтетін іс-шараға түрлі аниматорларды, агенттіктерді шақырып шара өткізуге басқарма тарапынан қатаң тыйым салынады. Мерекелік шара сынып жетекшісі немесе пән мұғалімдеріның ұйымдастыруымен ғана өткізіледі. Аниматор шақыру түрлы іс-шара өткізу ата-ана қалтасына ауырлық түсіреді. Сондықтан мекемелерге түсіндіру қағазы мен хабарландыру жіберілді».

Айта кетейік, 25 желтоқсан күні әлеуметтік аз қамтылған, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 300 оқушыға арналған «Қош келдің, Жаңа жыл – жаңа белес, жаңа арман» тақырыбымен Президент шыршасы ұйымдастырылмақ.

Ал қысқы демалыс 31 желтоқсан мен 8 қаңтар аралығында болады. Осы аралықта балалардың бос уақытын тиімді пайдалану үшін «Қысқы демалыс кезіндегі 10 кітап» жобасы қолға алынды.

Exit mobile version