Биыл Түркістанда 190 мыңнан астам 1-4 сынып оқушылары ыстық тамақпен қамтылады

48

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында өңірдің экономикалық-әлеуметтік дамуы туралы баяндама жасады. Облыстағы атқарылған жұмыс туралы айтып, алдағы жоспармен бөліскен ол, қазіргі таңда актуалды болып отырған мәселелерге қатысты БАҚ өкілдерерінің сауалдарына жауап берді.

Биыл Түркістан облысында 190 мыңнан астам оқушы ыстық тамақпен қамтылады. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының айтуынша, қыркүйек айынан бастап өңірдегі 1-4 сынып аралығындағы балаларға тегін тамақ беру жоспарланып отыр. Ол үшін бюджтетен 9 млрд. теңге жуық қаржы бөлінген. Тіпті асханасы жоқ білім ордаларында да тамақтандыруды үйлестіру жұмысы жүргізіледі. Одан бөлек биыл өңірде 41 597 балаға қала сыртындағы, 153 000 балаға мектеп жанындағы лагерлер ұйымдастырылды.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Онда әлеуметтік жағдайына байланысты 23 207 бала бюджет есебінен тегін демалады. Қазір 15 мыңға жуық бала ата-аналар есебінен ақылы демалуда. Сонымен қатар «Қазақстан Халқына» Қоры есебінен облыста 3390 бала жазғы сауықтыру лагерлерімен тегін қамтылады. Облыста 7 мемлекеттік және 10 жекеменшік лагерь бар. Демалыс лагерлерінде балалардың қауіпсіздігі басты назарға алынған. Кәсіпкерлерге тиісті талаптар қойылған».

Облыс басшысы баспасөз брифингі кезінде өңірдегі лагерь жайлы дауға қатысты да пікір білдірді. Әлеуметтік желіде кейбір ата-аналар жазғы сауықтыру лагері жұмысына көңілі толмайтындығын жеткізіп, ата-аналарға ұл-қыздарын алып қайтыңыздар деген үндеу жариялаған болатын. Осыған байланысты халық арасында түсініспеушілік туындаған еді.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Аталған мәселені зерделеу үшін тиісті комиссия құрылып, құзырлы органдар тарапынан балаларды қабылдайтын лагерлер тексерілді. Әлеуметтік желіде жарияланған балаларды ұрып-соғу, ашыған сүт беру, екінші қабаттан құлауы жөніндегі деректер жалған екені анықталды. Аймақта лагерлер тұрақты қадағалауда. Балалардың жазғы демалыс мәселесі өзімнің жеке бақылауымда болады».

Жалпы қазір облыста 1372 балабақша мен 1000 мектеп бар. Соңғы 5 жылда облыста 86 білім ордасы бой көтерді. Ал 2025 жылға дейін Жайлы мектеп жобасы аясында тағы 63 мектеп салу жоспарланған. Биылдың өзінде 33 нысан құрылысы жүргізіліп жатыр.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Бұдан бөлек «Жайлы мектеп» жобасы аясында 63 мектеп салу көзделген. 2023-2024-2025 жылдары құрылысы жүріп, толық қолданысқа беріледі. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 894 мемлекеттік мектептің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен тиісті қаржы бөлінді».

Сонымен қатар, балаларға сапалы білім беру мақсатында 400 – ге жуық мектеп модификацияланған кабинетпен жабдықталды. Ол үшін бюджеттен 1,5 млрд теңге қаржы қаралды.

Мөлдір Ибадуллаева