«Қазақстанда дәрі-дәрмек өндірісі азайып жатыр»: Себебі неде?

31

Қазақстанда дәрі-дәрмек өндірісі азайып жатыр. Енерджипром.кз. сарапшыларының дерегіне сүйенсек, еліміз жыл өткен сайын шетелдің дәрісіне тәуелді болып барады. Биылдың өзінде импорт өткен жылға қарағанда 17 пайызға өскен. Мамандар, бұлай жалғаса берсе жағдай қиын болады деп дабыл қағуда.

Қазақстан шетелдің дәрі-дәрмегіне тәуелді болып барады. Биыл 10 айдың өзінде елімізге 20 мың тонна емдік препараттар әкелінген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 17 пайызға артық.

Биыл ТМД елдерінен 7 мың тонна дәрі-дәрмек әкелінді. Олардың басым бөлігі, яғни 5 мың тоннасы Ресейден импортталған. Беларусь пен Украина да алғашқы үштікке енген. Ал 14 мың тоннаға жуық дәрі-дәрмек ТМД құрамына кірмейтін елдерден әкелінді, оның 3 мыңға жуығын Қытай жеткізген. Үздік үштікте Германия мен Үндістан да бар.

Ал Қазақстанда дәрі дәрмек өндірісі азайып барады. Соңғы 10 айда отандық фармацевтикалық зауыттар өткен жылмен салыстырғанда өнімді 25 пайыз аз шығарған. Сондай-ақ елде зауыт жетіспеушілігі де байқалады. Сондықтан өнім де аз дейді мамандар. «Даму» фармацевтика қауымдастығы және медициналық ұйымдар директорының айтуынша, өмірлік маңызы бар дәрілердің тізімін әзірлеу қажет. Және оларды өз елімізде өндіру керек дейді.

Хадиша Әлжанова, «Даму» фармацевтика қауымдастығы және медициналық ұйымдар директоры: «4 секцияға бөліп, әр секцияға 3 зауыттан қою керек. Мейлі ол қанша алып зауыт болса да немесе кішкентай болса да қажетті дәрілерді шығарсын. Ресейде мұны «өмірлік маңызы бар дәрілер» деп атайды. Мысалы, натрий хлоры Шымкентте өндірілсе, ол батыста шығарылмау керек».

Ал биыл дәрі-дәрмек бағасы орташа есеппен 13 пайызға қымбаттады. Тіпті кейбір өнімдердің құны одан да жоғары. Мәселен, йод ерітіндісі мен ацикловир 40%, қарапайым белсендірілген көмір, хилак форте және тіпті цетилсалицил қышқылының бағасы 30 пайызға шарықтаған.

Талғат Омаров, Қазақстанның тәуелсіз дәріханалар қауымдастығының басшысы
«Өнімді шығарып қана қоймай оны сертификаттау қажет. Және препараттың жарамдылық мерзімі сіздің критерийлеріңізге шынымен сәйкес келетінін растау үшін үш жыл күту керек».

Елде бәсекелестік жоқтығынан көптеген дәріханалар жабылып жатыр. Алматының өзінде жыл басынан бері 300 ірілі-ұсақты дәріхана құрдымға кеткен. Олардың айтуынша, жеткізушілер дәрі бағасын көтеріп жібереді. Ал заң бойынша шекті бағадан асырып тауар сатуға тыйым салынған. Фармацевтер мұндай әділетсіздікке төтеп бере алмайды, себебі өздері шығынға ұшырайды. Содан кейін амалдың жоқтығынан жабылуға мәжбүр болады.