Елімізде шағын дәріханалар иелерінің банкротқа ұшырау қаупі төніп тұр. Себебі, ірі компаниялар дәрі-дәрмекті төмен бағамен сатып жатыр. Ал өз күшімен нәпақа тауып жүрген кәсіпкерлер дәрілік заттарды шекті бағадан жоғары сату мүмкіндігі болмағандықтан, шығынға батуда.
Шағын дәріхана қожайындары бұл нарықтағы әділетсіз бәсекелестікке әкеп соғатынын айтады. Елімізде барлығы 7 мыңнан астам дәріхана бар. Олардың тек жартысы ғана шағын кәсіпкерлердің қолында.
Сондықтан дәрі-дәрмектің бағасы бәріне бірдей болуы үшін құзырлы органдар бағаны реттеуге жататын дәрілік заттардың тізбесін бекітіп, кей препараттарға бағаны өсірмеуді шақырды.