Қаңтар айында өтетін ҰБТ-ға қатысу үшін өтініш қабылдау 20 желтоқсанда басталып, 6 қаңтарға дейін жалғасады.
ҰБТ-ға тіркелу Ұлттық тестілеу орталығының app.testcenter.kz. сайтында жүргізіледі деп хабарлайды Ғылым және жоғары білім министрлігі.
Тестілеудің өзі 10 қаңтар мен 10 ақпан аралығында өтеді. Азаматтар тестілеу өтетін орынды, күнді және уақытты өздері таңдайды. ҰБТ-2023 форматында өзгерістер жоқ. Алайда, «Қазақстан тарихы» 20 сұрақ және «Оқу сауаттылығы» пәніне 15 сұрақ болып тест тапсырмалары санына өзгерістер енгізілді.
Осылайша, Қазақстан тарихы – 20, оқу сауаттылығы – 15, математикалық сауаттылық – 15 және екі бейіндік пән бойынша 35 тест тапсырмасы ұсынылады. Барлығы – 120 тапсырма. Ең жоғары ұпай – 140. Тестілеудің жалпы уақыты 4 сағат (240 минут). Сондай-ақ ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін қосымша 40 минут уақыты беріледі.
Сонымен қатар жауап нұсқалары саны азайды. Бір дұрыс жауабы бар тест тапсырмаларында нұсқалар саны 5-тен 4-ке азайды. Ал бір немесе бірнеше дұрыс жауабы бар тест тапсырмаларында нұсқалар саны 8-ден 6-ға дейін азайды.
«Қаңтардан бастап «Информатика мұғалімдерін даярлау», «Ақпараттық технологиялар», «Ақпараттық қауіпсіздік» білім беру бағдарламалары топтарына түсушілер ҰБТ-ны «Математика-Информатика» комбинациясы бойынша тапсырады. Тестілеуге дайындықты жақсарту мақсатында біз оқу жылының басында информатика бойынша ҰБТ-да кездесетін терминдер тізімін жарияладық. Тестілеу барысында қазақ тілінде тапсырушылар үшін терминдердің орысша және ағылшынша, орыс тілінде тапсырушыларға қазақша және ағылшынша, ағылшынша тапсырушыларға қазақша және орысша аудармасы ұсынылады», — дейді Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.
Сондай-ақ барлық талапкерлер үшін тестілеуде компьютер экрандарында калькулятор, Менделеев және ерігіштік кестесі қолжетімді болады.
Естеріңізге сала кетсек, қаңтардағы ҰБТ-ға шартты түрде ақылы негізде жоғары оқу орындарына қабылданған, жазғы ҰБТ нәтижелері бойынша шекті балл жинамағандар, шығармашылық ББТ-дан басқа дайындық бағыттарына, педагогикалық бағытқа ақылы негізде ауысқысы келетіндер, сондай-ақ мектеп бітіретін түлектер жоғары оқу орындарына ақылы негізде түсу үшін қатысады.