«Жаңа Қазақстанның тірегі – айбынды жастар!». Дәл осы атаумен ұйымдастырылған әскери-патриоттық акция Шымкентте жалғасын тапты. Бүгін ҚР Қорғаныс министрлігінң ақпарттық түсіндірме тобы үшінші мегаполиске ат басын тіреді. Министрлік өкілдері жастардың сауалдарына жауап беріп, әскери саладағы өзекті мәселелерге тоқталды. Сондай-ақ, мерзімді әскери қызметтен кейінгі жоғары оқу орнына қабылдау тәртібін таныстырды.
«Мерзімді әскери қызметшілердің әскер қатарына алу тәртібі және оларға қарастырылған әлеуметтік жеңілдіктер». Бүгін Шымкент қаласының жастары осы тақырып аясындағы сауалдарын «Жаңа Қазақстанның тірегі – айбынды жастар!» атты республикалық әскери-патриоттық акция аясында ҚР Қорғаныс министрлігінің өкілдеріне жолдады.
Ғалымжан Жұмабаев, ҚР Қорғаныс министрлігі тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің аға офицері: «Бұл акцияның басты мақсаты – жастарды отансүйгіштікке баулу және түсіндірме жұмысын жүргізу. ҚР Қарулы күштерінде болып жатқан жаңалықтарды айту. Және де әскери қызметшілердің әлеуметтік және де жан-жақты қамтамасыз ету жөніндегі сұрақтарға жауап беру».
Жастар тарапынан қойылатын өзекті сауалдардың бірі — мерзімді әскери қызметті өткергеннен кейінгі жоғары оқу орнына қабылдау тәртібі. Бүгінгі кездесуде бұл сауал да жауапсыз қалмады. ҚР Қорғаныс министрлігі әскери қызметтің беделін және жастар бойындағы патриоттықты арттыру мақсатында 40-тан астам университет басшыларымен бірлесіп, мерзімді әскери қызметін өткерген азаматтарға бірқатар жеңілдіктер қарастырып отыр. Бұл туралы әскери білім және ғылым департаментінің аға офицері мәлімдеді.
Қуаныш Төлеубеков, ҚР Қорғаныс министрлігі әскери білім және ғылым департаментінің аға офицері: «Барлық мерзімді әскерді өткерген азаматтар ҰБТ-ны есептемей, мерзімді қызмет өткергеннен кейін 2 жыл ішінде ақылы негізде өзі таңдаған ЖОО-на және конкурсқа қатыспай, ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери орындарына түсе алады. Бұл шара бәрімізге де тиімді. Біріншіден, ҚМ жастар арасында жастар арасында әскери қызметке деген қызығушылқты арттырады. Қарулы күштердің беделін және патриоттық сезімді ұлғайтып, әскери резервтің санын арттыруға мүмкіндік береді».
Өткен жылы бастау алған акцияны ұйымдастырушылар бұған дейін солтүстік, шығыс өңірлерде түсіндірме жұмысын жүргізіп келген. Ал жыл басынан бері Қызылорда, Түркістан облыстарын аралап, енді үшінші мегаполиске ат басын тіреп отыр.
Жиынға жастар ғана емес, олардың ата-анасы да қатысып, маңызды ақпараттарға қол жеткізе алады. Ал ақпараттық түсіндіру тобының құрамында әскери білім және ғылым, заң департаменттерінің өкілдері, Ұлттық әскери-патриоттық ансамблі мен Мемлекеттік әскери-тарихи музейінің өкілдері бар.