Қатты аязда сауда сөрелеріндегі көкөністер мен жемістер үсіп қалған

39

Аязды күндері саудалап отырған көкөністері үсіп қалған сатушылар шығынға батты. Дегенмен бұл қиындыққа қарамастан баға көтерілген жоқ. Ал өнім өндіруші шаруалар биыл дала жұмыстары кеш басталуы мүмкін екенін айтады.

 

 

«Бүгін күн жылы болады деген соң базарға шықтық», – дейді Феруза Бегметова. Ол аязды күндері саудаланбай қалған барлық өнімдерін үйге жеткізіпті. Мұнда қалса аязда үсіп қалатын еді дейді. Ал көрші қатардағы сатушылардың өнімдері үсіп қалыпты. Бірі қыруар қаржы жұмсап сатып алған тауарын амалсыз қоқысқа тастаса, қалғандары арзан бағаға сатып жіберуге тырысуда.

Аязды күндері Қуаныш Қожабековтың шомырынан бастап сәбіз, қырыққабат, жемістері үсіп қалған. «Амал жоқ, шығынға баттық, алайда оны бізге ешкім өтемейді. Шомыр қалпына келеді деген соң тастаған жоқпын, сәбізді де арзан бағада сатып жатырмын. базарға шықпасақ, отбасын асырай алмай қаламыз», – дейді сатушы.

Бүгін сауда жасауға келген Бейсенкүл Байзақова, «сатушыларды түсінуге болады. Аязда барлығы зардап шекті. Сондықтан қандай бағамен сатса сол бағамен алып жатырмыз», – дейді.

Шаруалар да биыл шығынға батамыз -ау деп болжам жасауда. Шымкенттің іргесіндегі Жиделі тұрғын алабының тұрғыны қырыққабаттың тұқымын он күн бұрын отырғызыпты. Шаруа, 20 көшетті ауа райына қарай жерсіндіреміз. Үсіп қалмасын деп он қабат пленканың астында ұстап күтім жасап жатырмыз дейді.

Айта кетейік, бүгін күн аздап жылынғанымен, синоптиктер ертең ауа-райы 2-4 градусқа төмендейді, ал түнде аяз сақталады дейді.