Ордабасы ауданындағы ең ірі ауылдың бірі батпаққа батып отыр. 40 мың тұрғыны бар Шұбарсу ауылында көшеде жаяу жүрудің өзі мұңға айналған. Себебі ауылға газ бен ауыз су кіргізген мердігер мекеме қазылған жерлерді сапалы жауып кетпеген. Салдарынан бір ауыл халқы белуардан батпақ кешуге мәжбүр.
Ордабасы ауданына қарасты Шұбарсу ауылының тұрғындары ми бақпақтың ортасында қалды. Өңірге жауын шашын жауса, ауыл ішінде аяқ алып жүру мүмкін емес. Жергілікті тұрғындардың айтуынша бұған екі жылдан бері газ құбырын жүргізіп жатқан мердігер мекеме кінәлі көрінеді. Себебі көгілдір отынға жауапты серіктестік қазған жерін дұрыстап жаппаған.
Нұржан Мұхамедов, Ордабасы ауданының тұрғыны? «Олар қазды да құбырларды тастағаннан кейін көмді. Көмгеннен кейін оларға неге нығыздамадыңыздар дегенде олай етуге болмайды, ол сынады дейді. Сылтауы сол, ертең жауын-шашын болса ол сынады дейді. Үстінен үйіп-үйіп кетті. Қазіргі жауын шашыннан отырды жер. Содан балшық боп миы шығып жатыр».
Ауыл көшесінде көлік қозғалысы да қиындаған. Бұл жолмен жүрген көліктер саз батпақтан шыға алмай, арнайы техника шақыртып, халық шығынға батып отыр.
Айпарша Орынбасарова, Ордабасы ауданының тұрғыны: “Газеліміз батып қалған кезде тракторды шақырамыз. 10 мыңға шығарамыз. 10 мың теңге беріп азанда кешке. Күніге жауын жауған күні азанда кешке тасимыз ғой, азанда батамыз, кешке батамыз, сол бір күнде 2 мәрте ақша төлейміз”.
Айналасы шалшыққа айналғанына шыдай алмаған тұрғындар өздері тас төсеуге көшкен. Мәселен ауыл ақсақалы Атабай Әшімов таң бозынан тұрып, құм-тасын төсеп әлек.
Атабай Әшімов, Ордабасы ауданының тұрғыны: “Оны қолмен себеміз енді, оны тек кіріп шығу үшін. Машина кіріп шыға алмайды ғой. Тасты қолмен сеуіп жатырмыз жолға. Қандай әкімшілік, өзіміздің тас қой. Енді осы жерде 15 жылдан бері осындай ғой мәселе. 15 жылдан бері жолды ешкім істемейді. Өткенде қазған еді, қазғаннан солай қалды ғой”
Ордабасы ауданындағы жауапты мамандар мәселенің шешімін табамыз дейді. Қазылған жерлерді қайта қалпына келтіріп, жол жүргізуге бюджеттен қаржы қарастырылып жатыр екен. Ал шенеуніктер қазірше тек тас төсеп жатқанын жеткізді.
Асқар Балабиев, Ордабасы аудандық ТҮКШ бөлімі басшысының міндетін атқарушы: “Бірінші кезекте проблема осындай аумақтарда тас төсеуге 138 миллиондай қаржы қаралды тас төсеуге, 40 километрге жуық, 35 километрге. Тұрғындардың өтінішіне сәйкес осындай жарамай қалған жолдардың батпағы шығып кеткен жолдарды қалпына сол көшелерге төсеп беріп жатырмыз”
Айта кетейік, Шұбарсуда ұзындығы 395 шақырым көше бар. Оның тек 6 жарым пайызы асфальтталған. Ауыл жолдарын толық қайта қалпына келтіру үшін шамаман 7 млрд теңге қажет көрінеді. Ал бұл қаржының ауданға қашан бөлінерін ешкім дөп басып айта алмайды.