Шымкент: Қалааралық қоғамдық көліктер жұмысын жалғастыруда

38

Шымкентте ауа райының күрт суытуына байланысты сапарға шығатын жолаушылар саны азайған. Дегенмен қақаған аязға қарамастан қала, ауданаралық тасымал көліктері өз жұмысын тоқтатқан жоқ. Барлық бағыттағы автобустар кесте бойынша қатынауда.

Шымкенттегі автовокзалда жолаушылар көп емес. Қалааралық автобустар  да санаулы. Алматы бағытында жол жүретін мына автобусқа әзірге оншақты адам ғана жазылған. Байқоңырға баратын автобус та жолаушылар болса ғана сапарға шығады екен. Жүргізуші Төлеген Толымбеков «Астана бағытында жол жүруге дайынбыз. Көлік техникалық тексерістен өткен», дейді.
Төлеген Толымбеков, Астана бағытындағы автобустың жүргізушісі: «Астанаға жолға шығамыз бір екі сағатта. Жол бойы жылыту бекеттері бар, Аллаға шүкір, барлық қажетті құрал жарақтарымызды алғанбыз. Шымкенттегі аяз Астанада одан да аяз мен өзім 16 жыл жолдамын».

Аязда сапарға мүмкіндігінше шықпауды ескерткен төтеншеліктердің хабарын алса да, теріскейліктер шаруасын бітіруге асық. Мысалы, созақтық Қатира Бейсенбаева таңертең Шымкенттегі ауруханаға келіп көрініп, енді үйіне-Шолаққорғанға кетіп барады. Созақ ауданында 31 градус аяз болады деп синоптиктер болжам жасап отыр. «Оны да көрерміз. Біз табиғаттың тосын мінезіне үйренгенбіз. Жолдағы асулар ашық болса, қардан тазартылса, жүре береміз»,- дейді тұрғын.

Қатира Бейсенбаева, Созақ ауданының тұрғыны: «Кеше кешкісін қар жауды. Жолдар ашық бізден Бәйдібек ауданына дейін грейдерлер құм сеуіп жатыр. Бері қарай әлі сеппеген. Суық деп отыра алмаймыз. Денсаулығымды тексертуге Шымкентке келіп енді кетіп барам».

Бұл автовокзалдан автобустар Бішкекке де қатынайды екен. Алайда бір екі күнде ол жақтан жолаушылардың болмауына байланысты Қырғызстаннан көлік келмеген. Бірақ Шымкенттен аптасына екі рет автобустар тұрақты қатынауда. Алматы, Тараз , Созақ, Таукент, Түркістан, Кентау, Жетісай, Шардара бағытында қала, аудандаралық автобустар мен өзге де көліктер кестеге сәйкес жүріп жатыр дейді автокозалдың атқарушы директоры.
Асқар Шалабаев, атқарушы директор: «Баллондарын, соляркаларын қоспа қосып барлығын дайындаған. Өткендегідей жол жабық емес ашық қазір. Қала, облыстағы тиісті басқармалармен жол ашық па, жоқ па хабар алып тұрамыз».

Айта кетейік, жаңа жылдан бері бірде бір бағыт бойынша жол жүру бағасы қымбаттаған жоқ.