Шымкентте 700-ден аса ана тегін кәсіпті меңгерді

47

«Бақытты жанұя» орталығының ашылғанына 2 жыл болды. Өткен жылы мекеме 49 мыңнан аса тұрғынға көмек көрсетті. Оның ішінде басым көпшілігі жалғызбасты және көпбалалы аналар. Оларға 8 сала бойынша тегін білім беріп, өз кәсібін дөңгелетіп алып кетуге қолғабыс жасауда.

Көпбалалы ана Еркінай Көшкінбаева екі бірдей ерекше күтімді қажет ететін баланы тәрбиелеп отыр. Ол “Бақытты жанұя” орталығына келіп, тігін курсында білім алған. Қазір осында жаңа келген қыз-келіншектерге құрақ көрпе тігудің қыр-сырын үйретіп жүр. Оған қоса жеке кәсібін дөңгелетіп, қыз жасауын тігуді қолға алған.

Еркінай Көшкінбаева, көпбалалы ана: «Тігін машинасын сатып алдым да, үй жағдайында құрақ көрпе тігіп жатырмын. Оқушыларым қай уақытта болса да хабарласса мен өзімнің қол көмегімді көрсетемін. Олар да дамуы керек. Қазіргі уақытта қарап отыруға болмайды».

Ал Арайлым Тұрғынбек 4 баласын жалғыз өзі тәрбиелеп отыр. Жас ана бала-шағасын асырау үшін жаңа кәсіп түрін оқуға ниет еткен. Орталықта балаларын жетектеп жүріп, массаж бен маникюр жасаудың әдісін үйренген ол, қазірше үй жағдайында табыс тауып, бала-шағасының нәпәқасын айырып жүр.

Арайлым Тұрғынбек, Шымкент қаласының тұрғыны: «Отбасымда қиын жағдай болды. Сонсоң іздендім. Осында келдім. Балалар массажы мен маникюр-педикюрді оқып алдым. Қазір Аллаға шүкір, үй жағдайында жұмыс істеп жатырмын».

“Бақытты жанұя” орталығы тігін, кондитерлік кәсіп, шаштараз, массаж жасау, СММ сынды 8 бағыт бойынша білім береді. Одан бөлек шымкенттік аналар мұнда әлеуметтік салада орталық қызметкерлерінен кеңес алады. Мекеме басшысы қаламыздағы көмекке мұқтаж кез келген жанға есігіміз ашық дейді.

Абибулла Қалымбет, «Бақытты жанұя» орталығы» КММ-інің басшысы: «Жалпы тізімде тұрған аналар хабарласып, келіп бізден қызмет алады. Қазіргі таңда 20 бағыт бойынша кеңес береміз. Соның ішіне тұрғын үйге кезекке тұру, ЭЦП кілтін ашу, денсаулық, білім, зейнетке шығу мәселесі кіреді».

Орталық 2022 жылы 49 320 анаға қызмет көрсеткен. Оның ішінде 15 мыңы көп балалы ана. Ал кәсіп игеру бойынша курсқа 721 адам қатысып, 343-іне сертификат табыс етілді. Олар қазіргі таңда мекемемен тығыз байланыста жұмыс істеп келеді.