14 жастағы оқушы қымыз құятын робот ойлап тапты

151

Түркістан облысында 14 жастағы мектеп оқуышысы қымыз құятын робот ойлап тапты. Ол ұлттық сусынды халық арасында қолжетімді етіп, сәнге айналдыруды мақсат еткен. Әрі осы бастама арқылы зиянды энергетикалық сусындардан бас тартуға шақырады. Жас робототехник ақылды құрылғыны карта арқылы жұмыс істетіп, өз даусымен сөйлеткен.

Бұл 14 жастағы Жансұлтан ойлап тапқан қымыз құятын робот. Адам жұмысын жеңілдетіп, ұлттық сусынды қолжетімді етемін деген жас талант ІТ саласындағы алғашқы бастамасын қазақы нақыштағы құрылғы жасаудан бастапты.

Жансұлтан Төребек, жас робототехник: «Бұл карта арқылы жұмыс істейді. Мына жерде карта сезгіш датчик болады. Картаны датчикке жақындатқан кезде тоқ көзі арқылы барлығы іске қосылып, жұмыс істей бастайды».

Төлеби ауданының тумасы Жансұлтан Төребек №2 Ш.Уәлиханов атындағы мектептің 9 сынып оқушысы. Болашақта ІТ маманы болуды армандайды. Әрі дәл осы роботты барлық мектепке және адам көп шоғырланатын қала орталықтарына орнатуды жоспарлап отыр. Бірақ ол үшін демушілер мен мемлекет тарапынан қолдау қажет.

Жансұлтан Төребек, жас робототехник: «Алдағы уақытта роботты әрі қарай модификациялау ойда бар. Сыртын қаттырақ материалдан жасап, қымыз бен роботты бірге қосып, мүмкіндік болып жатса үлкейтеміз. Мектептерде, адам көп шоғырланған орындарда орнату. Себебі, мектеп оқушыларының көбі энергетикалық сусынды көп қолданады. Егер мемлекет тарапынан қолдау тапса тегін орнатсақ тіптен жақсы болар еді».

Роботты жасамас бұрын Жансұлтан жетекшісімен бірге оқушылар арасында сауалнама жүргізіпті. «Энергетикалық сусынды қымызбен алмастыра аласың ба?» деген сұраққа басым бөлігі «иә» деп жауап берген. Енді, бұл роботтың басты қызметі- зиян сусындарды ұмыттырып, қазақы қымызды сәнге айналдыру.

Лаура Жақсыбекова, мұғалім: «Жалпы ұсыныс Жансұлтаннан түсті. Өзі ІТ саласына қызыққандықтан, робот жасайық деген ұсыныс айтты. Енді біздің Төлеби ауданымыз өзі қымызбен танымал, брендіміз десек те болады. Әрі қымыздың қолжетімділігін арттырып, халыққа денсаулық сыйлаймыз дедік».

Айта кетейік, робот жалпы білім беру пәндері арасындағы республикалық ғылыми жоба байқауының аудандық және облыстық кезеңдерінен жүлделі орын алған. Қазіргі таңда сараптама комиссиясында қаралып жатыр. Егер олар мақұлдаса, Жансұлтан республикалық сайыста бақ сынайды.