Дизель отыны қыста да тапшы

47

Оңтүстік өңірде дизель тапшылығы басталуы мүмкін. Қазір аймақта 500-ге тарта жанармай бекеті бар. Оларға бензин мен дизельді Petrosun компаниясы жеткізіп береді. Десе де еліміздегі жалғыз оператор кәсіпкерлерді алалап отырған көрінеді. Бизнес иелері айына қажетті мұнай өнімінің тек 10-15 пайызын ғана алып, тығырыққа тіреліп отырғанын айтады. Өңірдегі дизель дефициті неден туындады?

Шымкенттік жанармай саудасымен айналысатын кәсіпкерлер банкрот болудың аз-ақ алдындамыз деген жанайқайын жеткізді. Оларға сұйық отын жеткізетін жалғыз компания мұнай өнімін мардымсыз көлемде үлестіреді екен. Кәсіпкер Әскербек Бекжановтың 2 жанармай бекеті бар. Оған айына 200 тонна дизель тапсырыс береді екен. Алайда оның тек 20-30 тоннасын ғана алады. Сондықтан олар аз-маз өнімді күніне лимитпен сатуға көшкен.

Әскербек Бекжанов, кәсіпкер: «Petrosun комапниясына сұраныс жіберсек, үлкен компанияларға береміз деп біз сияқты кіші кәсіпкерлерді ысырып қояды. Ірі желілер үлкен трассаларға немесе қалада ғана болады. Ал біз аудан, ауылдардан ашқанбыз. Дизельді ірі жанармай бекетіне берген соң, оларға біз сияқтыларға берген тиімсіз. Не істерімізді білмейміз енді»

Кәсіпкерлер Petrosun бермеген бензин мен дизельді ортада жүрген көтерме компаниялар арқылы алып келген екен. Бірақ, мемлекет былтыр делдал компанияларды нарықтан алып тастаған. Содан бері бәрі монополист компанияға ғана қарап қалдық деп отыр. Бизнес иелері көктем мен күзде дизель тапшылығы мен қымбатшылық осылай қолдан жасап отыр деп топшылайды.

Жұмабек Пәрмен, «Ынтымақ» қауымдастығының заңгері: «Тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл болды. Мұнайға бай елміз. Мұнай өңдейтін 3 зауытымыз бар. Бірақ әлі күнге өзімізге өнім жетпей, біреуге тәуелді болып жүрміз. Әр жыл сайын дифицит орын алады. Ұят нәрсе бұл. Біздің болжамымыз бойынша ішкі нарықты қамтамасыз етуі керек мұнай өнімі экспортқа шығарылып жібереді. Экспортқа барреліне 100 доллордан ғарады. Ал ішкі нарыққа барреліне 25 доллордан беру керек. Бұл кімге пайда? Ал салдарын 30 жыл бойы өзіміз тартып келеміз»

Ал еліміздегі жалғыз мұнай өнімін сатушы оператор шынымен де бірінші ауыл шаруашылығымен айналысатындар және ірі кәсіпкерлерге басымдық берілетінін айтады. Содан артылғаны ғана ұсақ жанармай бекеттерінің дизельге деген қажеттілігін өтейді.

Берік Үркімбаев, «Petrosun» ЖШС мұнай өнімдерін сату бөлімінің менеджері:
«Petrosun компаниясында жанар-жағар май өнімдерінің бағасы төмен, сондықтан бізге сатып алу туралы талаптар өте көп түседі. Бірақ біз ең алдымен ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаратын аймақтарға бөлеміз. Қысқы уақытта жылумен қамтамасыз ету үшін әлеуметтік мекемені қамтамасыз етеміз. Одан кейін мұнай өнімі темір жолға және ірі сауда желілеріне бөлінеді»

Бірақ, Петросанды тексерген бәсекелестікті қорғау және дамыту департаменті мамандары шын мәнінде де компанияның заңсыз әрекеттерін әшкереген. Олардың айтуынша тіпті заңсыз ісі үшін олар ірі көлемде айыппұл да арқалаған.

Шыңғыс Тайжан, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Алматы қаласы бойынша тергеу департаментінің бөлім басшысы: «Өткен жылы «Petrosun» ЖШС-не мұнай өнімдерін бөлу барысында өз қызметін асыра пайдаланғаны үшін 600 млн теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынған еді. Кәсіпкерлер тарапынан дизель отынын дұрыс бөлмеу бойынша шағымдар көп түсіп жатады. Алдағы уақытта департамент тарапынан нарықтағы бәсекелестікке байланысты тексеріс жүргізіледі. Соған сәйкес шешім де шығарылады»

Алайда департамент айыппұл салумен ғана шектелетінін айтады. Ал кәсіпкерлер мұнай өнімдерін саудалаушылар арасында бірқалыпты бәсекелестіктікті сақтауды сұрайды.