Шымкент қалалық арнайы сотында атышулы сыбайлас жемқорлықтың жай-жапсары белгілі болды. Өткен жылдың қазан айында Мәдениет басқармасы, «Мәдениет үйі» концерттік ұйымының бас есепшілері және олармен сөз байласқан кәсіпкер айыпталды.
Олар алты жүз миллион теңгеден астам қаржыны заңсыз иемденіп, қалтасына басқаны үшін кінәлі деп танылды. Сот мәліметіне сүйенсек, карантин кезінде айыпталушылар болмаған концертті өтті деп, хаттамаға түзген.
Осы іске қатысы бар Мәдениет басқармасының бас есепшісі мен бизнесмен жеті жылға бас бостандығынан айырылды. Ал «Мәдениет үйі» концерттік ұйымының есепшісі сегіз жылға сотталды.
Әбсаттар Шахидинов, қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы: «Біз мәдениет басқармасының қызметкерлеріне қатысты ауқымды іс қарадық. Ұзаққа созылған отырыс болды. Кінәлі ретінде 6 адам тергелді. Оның 3-еуінің кінәсіздігі анықталып, соттан босатылды. Мемлекетке келтірілген шығын көлемі 605 млн. теңге. Бұл 189-баптың 4-бөлігі болса да, бұл біздің юрисдикциямызға жатпайды. Бірақ, пара бергені үшін жаза қолданылды».
Тағы да бір сыбайлас жемқорлық дауы өзге өңірден келген шенеунікке байланысты болды. Экс-мемлекеттік қызметкер Шымкентте ұсталып, алаяқтық және адамдарды пара беруге итермелегені үшін жазаға тартылды.
Әбсаттар Шахидинов, қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы: «Екінші іс, ол біздің қаланың мемлекеттік қызметкері емес. Ол басқа облыстан келген, бірақ осы Шымкент қаласында құрықталды. Сондықтан істі біз қарадық. Күдікті басқарма басшысының орынбасары болып қызмет атқарған. Ол аса ірі көлемде алаяқтық жасап, тұрғындарды пара беруге итермеледі деген айыппен сотталды».