Сот отырысына өзінің орнына басқа тұлғаны қатыстырған…

55

Жетісай аудандық сотының хабарламасы бойынша: Сотқа құрметтемеушілік танытқаны үшін әкімшілік қамаққа алуға алу жазасы қолданылды.

Сотпен құқық бұзушы А.А.-ға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша 2023 жылғы 7 ақпанда сағат 17.30 ге тағайындалған сот отырысына құқық бұзушы онлайн арқылы қатысуға өтініш білдірген. Ал, істі «WhatsApp» желісі арқылы онлайн қарау кезінде құқық бұзушы А.А. сот отырысына өзі қатыспай, өзінің орнына басқа тұлғаны қатыстырып отырғаны анықталып, сотқа құрметтемеушілік танытқан.
Құқық бұзушының осы әрекеті бойынша сотпен Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 653-бабының 1-бөлігімен хаттама түзілді.
Сотта құқық бұзушы А.А. кінәсін мойындап, жасаған әрекетіне өкінетінін білдіріп, алдағы уақытта қайталанбайтынын көрсетті.
Құқық бұзушы А.А.-ның қасақана жасаған әкімшілік құқық бұзушылық әрекеті өзінің кінәсін мойындаған түсініктемесі және баянатпен, 2023 жылғы 8 ақпандағы әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен расталып, хаттамада көрсетілген құқық бұзушылықтың мән-жайлары, жасалған уақыты мен орны бекітілді.
Әкімшілік жаза түрін анықтау барысында сот, іс бойынша әкімшілік құқық бұзушылық үшін жауаптылығын ауырлататын мән-жайлардың анықталмағанын және жауаптылығын жеңілдететін мән-жайларға оның кінәсін мойындағанын ескеріп, әкімшілік қамаққа алу түріндегі жазаны қолданған дұрыс деп тапты және құқық бұзушыға бір тәулікке әкімшілік қамаққа алуға алу жазасы қолданылды.