Жер қойнауын заңсыз пайдаланғандарға қатысты 12 қылмыстық іс тергеліп жатыр

20

Енді Түркістан облысында жер қойнауын заңсыз пайдаланған тұлғалар мен компанияларға қарсы жұмыс күшейеді. Түркістан облысында өткен жылы жер қойнауын өз бетінше пайдалану дерегі бойынша полицияға 127 арыз келіп түскен. Ал оның ішінде 12 дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. 

Өткен жылы Түркістан облысында жер қойнауын өз бетінше пайдалану дерегі бойынша 127 арыз тіркелген. Нәтижесінде, құқықбұзушылық құралы ретінде пайдаланылған 28 техника, оның ішінде 7 жүк арту техникасы уақытша айыптұраққа қойылған. Ал заң бұзған 27 тұлғаның келісімшарты тоқтатылды. Енді өңірде жер қойнауын заңсыз пайдаланған және келісімшарттағы міндеттерін дұрыс орындамаған тұлғалар мен компанияларға қарсы жұмыс күшейеді.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Жер қойнауын, табиғи байлықтарды заңсыз пайдаланушыларға қарсы күрес күшейтілсін. Аудан, қала әкімдері мен құқық қорғау органдары осы бағытта бірлесе жұмыс атқарғаны жөн. Лицензияны берген соң келісімшарттың әрбір бөлігі орындалуын қадағалау керек. Өкінішке қарай, әлі де заңсыздықтар тоқтамай тұр. Сондықтан лицензияға қатысты құжаттарды қатаңдатуды тапсырамын. Лицензиялау шарттары өзгертілсін. Әрбір жер қойнауын пайдаланушы тек өзіне бекітілген аумақты ғана қазып, жұмыс істеуі қажет. Өзендердің арнасын кеңейтуге, экожүйені бұзуға жол берілмейді».

2022 жылы 30 жер қойнауын пайдаланушы азамат келісімшарттық міндеттемелерін толық орындалмаған. Оларға ескертпе хат жолданып, нәтижесінде кемшіліктер жойылған. Ал облыс аумағында орналасқан 27 жер қойнауын пайдаланушының пайдалы қазбаларды өндіру аумақтары бойынша кемшіліктер анықталған. Қазіргі таңда, осыған байланысты Полиция департаменті тарапынан 12 қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Мұрат Қабденов, Түркістан облысының Полиция департаментінің бастығы: «Жалпы заңсыз жер қойнауына қатысты әрекеттер негізінен Ақсу өзені, Ордабасы, Отырар Қазығұрт аумақтарында қазу деректері жиі орын алуда».

2021-2023 жылдары 2 жер қойнауын пайдаланушының жер телімі мемлекеттік жер қорына қайтарылды. 11 тұлғаның жерін қайтару бойынша сотқа талап арыздар жолданды. Ал Ақсу, Боралдай, Бадам өзендерінің су қорғау белдеуінде орналасқан 12 жер қойнауын пайдаланушының келісімшарты мерзімінен бұрын тоқтатылды.

Қанат Шонбасов, Инвестиция және экспорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы: «Жер қойнауын пайдаланушылардың келісімшартта көрсетілген аумақтарына мониторинг жұмыстары жүргізіледі. Бұл ретте инженер маркшейдер маманының қызметіне жүгінеміз. Сондықтан маркшейдер қызметін пайдалануға тиісті қаржы бөлуді ұсынамыз».

Жер қойнауын заңсыз пайдалануға қатысты әрекеттердің басым бөлігі Ақсу, Бадам, Келес өзендерінің бойында тіркелген. Сондай-ақ, Кентау қаласы мен Отырар ауданы аумағында да қазу деректері жиі кездесіп жатыр. Жылпы 2021-2022 жылдары Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 334-бабымен яғни, жер қойнауын өз бетінше пайдалану бойынша 28 іс тіркелген.