Ел аумағында ақылы жолдарда автокөлік жылдамдығын өлшейтін құрылғылар орнатылып жатыр. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Амангелді Беков айтты.
«Республикалық маңызы бар жолдардың бойында 94 арнайы камера орнаттық. Қазір соның 33-і іске қосылды. Жол-көлік оқиғаларының көбі жылдамдық талаптарын сақтамау салдарынан болады. Сондықтан Ішкі істер министрлігімен бірлесе жолдардың бойында тиісті құрылғыларды орнату жұмыстарын қолға алдық. Астана мен Бурабай аралығында осындай камералар іске қосылған. Осы орайда автокөлікпен тым қатты жүргендерге айыппұл салынып жатыр», — деді А. Беков Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, автобанда сағатына 140 шақырым жылдамдықпен жүруге рұқсат етілген. Алайда кейбір жүргізушілер сағатына 180-200 шақырым жылдамдықпен жүреді.
«Қала ішінде «Сергек» камералары жылдамдықты өлшейтінін білесіздер. Осы орайда енді республикалық жолдарда да осындай жүйе іске қосылып жатыр», — комитет өкілі.
Оның сөзіне қарағанда, алдағы уақытта осындай камералардың саны артады.
«Республикалық маңызы бар 25 мың шақырым жолдың 11 мың шақырымы ақылы болады. Осы жолдарда аталған камераларды іске қосамыз. Бұл құрылғылар 2030 жылға дейін орнатылады», — деді Амангелді Беков.