«Нұрлы жол» бағдарламасы ұлттық жобаға айналады

90

«Нұрлы Жол» бағдарламасы ұлттық жобаға айналады. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Қамалиев айтты. Сөзінше, 2020 жылға дейін республикалық маңызы бар жолдардың 13 мың шақырымға жуығы реконструкцияланды. Бұл республикалық желінің 90 және жергілікті желінің 75 пайызын нормативтік жағдайға жеткізуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар министр, ақылы жолдарды қамтуға республикалық бюджеттен ақша бөлінбейтінін атап өтті

Инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Қамалиев автожол саласын дамыту үшін 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы әзірленгенін айтты. Сөзінше, аталмыш жоба биылдан бастап «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасына айналады.

Берік Қамалиев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі: «Қазақстандағы автомобиль жолдарының желісі 157 мың шақырымды құрайды. Оның 25 мың шақырымы республикалық жолдар және 71 мың жергілікті, 61 мыңы қала мен елді мекендер арасындағы жолдар. Автожол саласын дамыту үшін біз Инфрақұрылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасын әзірлеген болатынбыз».

Сондай-ақ, министр жол бойындағы қызмет көрсету нысандарының ұлттық стандартқа сай және талапқа сай емес өңірлерді атады. Оның атап өтуінше, жол бойындағы сервис нысандарын дамыту бойынша жүргізілген жұмыстардың қорытындысы бойынша облыс әкімдіктері үшін рейтинг жасалады.

Берік Қамалиев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі: «Бүгінде республикалық жолдардың бойында қызмет көрсететін 1 738 нысан бар. Олардың 1 093-і немесе 63 пайызы Ұлттық стандарт талаптарына сай келеді. Ең төмен көрсеткіштер Маңғыстау облысында – 45, Павлодар облысында – 49 және Түркістан облысында 49 пайызды құрайды. Ал жоғары көрсеткіштер Атырау облысында – 81, Қостанай облысында – 75, Ақтөбе облысында – 74 пайыз».

Берік Қамалиев ақылы жолдарды қамтуға республикалық бюджеттен ақша бөлінбейтінін айтты. Оның дерегінше, ақылы жолдар үшін елімізде жеңіл автокөліктер шақырымына 1 теңгені, ауыр жүк көліктері шақырымына жүк сыйымдылығына қарай 5 теңгеден 25 теңгеге дейінгі соманы құрайды. Ал көршілес Ресейде жеңіл автокөліктер 1 шақырым үшін 7 теңге және жүк көліктері 7-ден 55 теңгеге дейін төлейді.

Әлихан Файзханов