«Ауызашарға су жоқ»: Ордабасы ауданының тұрғындары тіршілік нәріне жарымай отыр

127

Түркістан облысындағы Ордабасы ауданына қарасты Бадам ауылының халқы ауыз суға жарымай отыр. Тұрғындардың сөзінше, ұңғымадағы су сорғыштар жиі күйіп кетеді. Соның салдарынан тіршілік нәрін сатып алып ішуге мәжбүрміз дейді. Ал жауаптылар неліктен үнсіз отыр?

«Оразада ішерге су таппай отырмыз». Осылай деген Ордабасы ауданының тұрғыны Бибігүл Бижігітованың үйінде бірнеше күннен бері ауыз су жоқ. Көпбалалы ана тіршілік нәрін жан — жақтан тасып ішіп жатырмыз дейді. Тіпті кейде сатып алуға да мәжбүр болады екен.

Бибігүл Бижігітова, Бадам ауылының тұрғыны: «Үш күн болып тұрады да, екі күн демалады ғой. Екі күн демалады да, үш күн болады. Болды ғой, сонымен су жоқ. Аузымыз ораза, бір жұтым суға зар болып отырмыз қазір. Не деген масқара бұл».

Бадам ауылының халқы жарты жылдан бері тіршілік нәріне жарымай келеді. Судан тарыққан тұрғындар ауыл әкімі мен осы салаға жауапты мекеме басшыларынан мәселені шешіп беруді талай рет сұрапты. Бірақ ешқандай нәтиже жоқ дейді.

Өркен Айтуов, Бадам ауылының тұрғыны: «Осы бір айдың көлемінде үш апта болды,  бізде су жоқ. Сылтаулары мотор күйіп кетті,  токтан проблема болып жатыр. Телефонмен де қоңырау шалғанбыз талай, біздің телефондарды мүлде көтермейді Темірландағы судың басшысы».

Шыдамның да шегі бар деген тұрғындар жауаптылардан мәселені жылдам шешуін талап етеді. Бірақ ауыл әкімінің өзі халықты үш сағат күттіріп, кездесуге әзер келді.

Қазір ауылдағы екінші ұңғымада да су сорғыш жоқ. Мамандардың айтуынша, жыл басынан бері бұл құрылғы төрт рет күйіп кеткен. Соңғы рет бес күн ғана жұмыс істепті.

Қадырхан Табиров, Ордабасы аудандық «Таза су» мекемесінің басшысы:
«Үш фаза бірдей бармаса, су сорғыш күйіп жатыр. Кернеу болады».

Азамат Бекмырзаев, «Оңтүстік жарық транзит» компаниясының өкілі:
«Жарықтың қатысы жоқ бұл жерде. Бір-екі күнде жарық өшкен жоқ қой. Судың өшкені кеше болды ғой. Бір линияда мыңдаған, екі мыңдаған адам отыр бұл жерде. Егер жарықтан болса, солардың бәрі кету керек еді ғой».

Түсірілім жасалған күні ауылдағы екі ұңғымаға жаңадан су сорғыш орнатылды. Бірақ тұрғындар бұл құрылғылардың да көп ұзамай күйіп кете ме деп қауіптеніп отыр. Өйткені, трансформатор әбден ескірген. Оны жаңаламайынша суға да, су сорғышқа да жарымаймыз дейді ашынған жұрт.