«Баспана үшін бастапқы жарна тым көп»: Дәулет Мұқаев ұсыныс айтты

48

ҚР Парламенті мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошановтың төрағалығымен мәжіліс отырысы өтті. Жиында депутаттардың қарауына Төтенше жағдайлар, дүлей зілзалалардың қауіп-қатерін азайтуға қатысты және Қазақстан-Түрікменстан мемлекеттік шекарасының режимі туралы екі ратификациялық заң жобасы ұсынылады. Сондай-ақ жаңадан сайланған халық қалаулылары алғашқы депутаттық сауалын да осы отырыста жолдады.

«Ажырасудың басты себебі – материалдық қажеттілік». Осылай деген мәжілісмен Дәулет Мұқаев депутаттық сауалында елдегі баспана мәселесін көтерді. Ол «Жас отбасы» бағдарламасының бастапқы жарнасы тым жоғары екенін айтып, оны 10 пайыздан асырмауды ұсынды. Өйткені, азаматтардың басым бөлігі 50 пайыз алғашқы жарна құюға қаражаты жетпейді. Салдарынан, жалдамалы пәтер жағалап жүрген отбасылар саны азаймай тұр.

Дәулет Мұқаев, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты: «2022 жылы 129 707 жұп некеге тұрса, 51 220 жұп ажырасқан. Бұл дегеніміз үйленген жастардың 40 пайызға жуығы ажырасады деген сөз. Ажырасудың басты себебі материалдық қажеттілік екенін ескерсек, баспана бірінші орында. Бүгінгі таңда Отбасы банкі тарапынан жүзеге асып жатқан «Жас отбасы» бағдарламасында бастапқы жарна 50 пайызды құрайды. Мұндай қаражат жинау жастарға қиындық тудыртады. Сондықтан мемлекеттік деңгейде «Жас отбасы» бағдарламасының бастапқы жарнасын 10 пайыздан асырмауды ұсынамын».

Ал бұған дейін айтыскер ретінде танылған су жаңа мәжілісмен Ринат Зайытов алғашқы депуттық сауалында мәдениет қызметкерлерінің жалақысын көтеру қажет деген ұсыныс білдірді. Сөзінше, мәдениет саласында тек сахнада өнер көрсететін тұлғалар ғана емес, солардың жағдайын жасап отырған сахна сыртындағы еңбек адамдары да мардымсыз айлық алады.

Ринат Зайытов, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты: «Жанға бататын бір жайт, бұл аталған қызметкерлер әлі күнге дейін санаты жоғарылап, жалақысы өсіп жатқан ұстаздар, дәрігерлер сияқты мамандар қатарынан да орын алған жоқ. Қазіргі таңда қай мекемені алсаңыз да, мәдениет саласы қызметкерлерінің жалақысы 60 мың теңгеден басталып, 100 мың теңгеге жетер-жетпес межеден аса алмай тұр. Еңбекақының төмендігі білікті мамандардың жұмыстан өз еркімен кетіп, мәдениет ошақтарының жұмысын тұралатуға әкеліп соғады. Құрметті Алтай Сейдірұлы, осы орайда, мен мәдениет, архив және кітапхана қызметкерлерінің коэфиценттерін өзгертіп, жалақысын өсіруіңізді сұраймын»

Сонымен қатар, мәжіліс отырысында «ҚР Үкіметі мен Төтенше жағдайлар және дүлей зілзалалардың қауіп-қатерін азайту жөніндегі орталық арасындағы Қазақстан Республикасының аумағында оның болу шарттары туралы келісімді ратификациялау туралы» заң қабылданды. Келісім аталған орталықтың елде жұмыс істеу мәселелерін реттейді. ҚР Төтенше жағдайлар министрінің айтуынша, бүгінге дейін орталықпен бірге бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылған.

Юрий Ильин, ҚР Төтенше жағдайлар министрі: «Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының бір жарым мыңнан астам өкілі зілзалалар қаупін азайту мен төтенше жағдайлар саласында әлемдік қоғамдастық әзірлеген үздік тәжірибелерге оқытылды. Бүгінгі күні Орталық серіктестермен бірлесіп, зілзалалар қаупін азайту мен төтенше жағдайлар саласында 60-тан астам зерттеу, талдамалық, әдістемелік әзірлемелер, оқу-әдістемелік, ақпараттық және есептік материалдарды әзірлеп, Орталықтың сайтында орналастырды. Ынтымақтастық үшін құқықтық база құру мақсатында Орталық халықаралық, үкіметтік емес, ғылыми, білім беру және өзге де ұйымдармен 31 меморандумға қол қойды»

Алғашқы отырыстан-ақ мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов депутаттарға ескерту беріп үлгерді. Төтенше жағдайлар министріне өрт мәселесіне қатысты сұрақ қойған мәжілісменге төраға сауал тек заң жобасы аясында болуы қажет екенін айтты. Ал өзге сұрақтар үшін арнайы мәселе көтеріп жиын өткізу немесе министрді үкімет сағатына шақыртып, талқылау керек деді.