А.Аймағамбетов: «Медсақтандыру жүйесіне өзгеріс керек»

90

Елді әбігерге салған медициналық сақтандыру жүйесінің проблемасы бүгін мәжіліс отырысында көтерілді. Халық қалаулысы Асхат Аймағамбетов бұл жүйеге шұғыл реформа жасап, халыққа ыңғайлы ету керек дейді. Сондай-ақ мәжілісмен депутаттық сауалында дәрігердердің артық жүктемесі туралы да айтты.

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов елдегі медициналық сақтандыру жүйесін сынға алды. Халық дер кезінде тегін медициналық көмек ала алмай отыр деген мәжілісмен бұған бірқатар өзгеріс енгізу қажет екенін айтты. Өйткені, қазір ауырып ем іздеген азаматтардың басым бөлігі ұзақ күткісі келмегендіктен ақылы қызмет түрін пайдалануға мәжбүр. Сонда халық сақтандыру үшін неге ақы төлеп әлек дейді депутат.

«Қазір азаматтар ауруханаға барып, тексерістен тегін өтемін десе, онда бір немесе үш ай күту керек. Ал, егер ол адамдар бұл тексерістен ақылы түрде өтемін десе, онда дәл сол уақытта немесе үш минутта өтуіне болады. Мысалы, емханалар іс жүзінде ай сайын квота арқылы қаржы алады. Мәселен, бір айға КТ жасауға 10 квота, МРТ жасауға 5 квота беріледі. Ал, егер КТ-ға сұраныс одан көп болса, онда пациентті дәрігер келесі айларға жазуға мәжбүр. Осыны ескере отырып, ай сайынғы қаржыландырудан бас тарту керек. Көрсетілген қызметтер фактісі бойынша төленуге тиіс»,деді депутат.

Сондықтан мәжіліс депутаты ай сайынғы қаржыландыруды алып тастау қажет екенін айтты. Әрі тарифті шұғыл қайта қарап, медтарифтерден коммуналдық қызметтерді алып тастауды ұсынды. Өйткені әр өңірде инфрақұрылым, күн райы және коммуналдық қызметтердің құны әртүрлі дейді. Бұдан бөлек, Аймағамбетов айыппұл мен жалған тексерулер мәселесіне де тоқталды. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының деректеріне сәйкес, ақшаны төлеген, бірақ көрсетілмеген медициналық қызметтер өте көп.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламаенті мәжілісінің депутаты:
«Қор көлемі шамамен тек қана 10 пайызын тексерген күннің өзінде көрсетілмеген 52 мың медициналық қызмет анықталды. Ал, егер 100 пайызын тексеретін болсақ, онда 500 мыңнан аса ма, қалай болады? Оның себептері қандай деген сұрақ заңды. Біріншіден, бұл қордың айыппұл жүйесіне байланысты. Айыппұл жүйесінің өзі жалған тіркеулерді ауруханаға пайдалы қылып отыр. Сондықтан осы жүйені қайта қарау керек. Екінші себеп – тарифтер. Жалақыны өсірген кезде медициналық қызметтер тарифінің пропорционалды өсуі болмады. Сондықтан тарифтің көп бөлігі жалақы төлеуге жұмсалады да, ал дәрі-дәрмектерге, медициналық құрал-жабдықтарға, тексеру жүргізуге, анализдерге тіпті ақша да қалмайды. Нәтижесінде сапа төмендейді, науқастар зардап шегеді».

Дәрігерлерлер пациентті тексерудің орнына компьютерге үңілуге мәжбүр деген депутат екінші сауалын ақ халаттылардың артық жүктемесіне арнады. Айтуынша, олар деректерді түрлі ақпараттық жүйелерге енгізуге, формулярды толтыруға мәжбүр болғандықтан, науқастарды қарауға уақыты болмайды. Сондықтан барлық құжаттаманы толтыруды медбикелерге тапсырып, штат санын көбейту арқылы дәрігерлердің жүктемесін азайту қажет деді Асхат Аймағамбетов.