Бүгіннен бастап бензин қымбаттады: Депутат неге қарсы?

223

Бүгіннен бастап елде жанар-жағармай бағасы қымбаттады. Өйткені, Энергетика министрлігінің бұйрығы 12 сәуірде күшіне енді. Бензин құю станцияларында АИ-92 және АИ-93 маркалы жанармай литріне бұрынғыдай 182-187 теңгеден емес, енді 205 теңгеден сатылып жатыр.

Ал дизель отыны литріне — 295 теңге. Алайда, бүгін мәжіліс отырысында депутат, үкіметтің бағаны қымбаттатуы толық зерделенбей қабылданған шешім екенін айтып, сауал жолдады.

Жанармай бағасының өсуі ауылшаруашылық тауарын өндірушілерге, шағын және орта бизнеске едәуір зиянын тигізеді. Әрі бұл азық-түлік бағасының өсуіне алып келуі мүмкін. Бұл мәселені мәжілісмен Асқар Садықов көтерді.

Ол Қазақстанды көрші елдермен салыстыра отырып жанармай бағасын жоғарылату дұрыс емес екенін айтады. Сөзінше, үкімет бұл бағытта коммуналдық қызмет тарифтері мен ауыл шаруашылығы өнімдері, халық үшін әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының өсуі салдарын ескермей, бұл қадамды толық зерделемей іске асырып жатыр.

Асқар Саыдқов,  ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты: «Энергетика министрлігінің жанармай бағасының көтерілетіндігі туралы мәлімдемесі халықтың үлкен наразылығын тудырды. Сонымен қатар нарықтық экономика жағдайында бағаны жасанды ұстау шетелдік және көлеңкелі субъектілердің ішкі жанар-жағармай нарығын тауысуына алып келеді. Бұл ұлттық экономикаға тікелей залал келтіреді. Көрші елдерге жанар-жағармай экспортының артуы жағдайында тапшылықты болдырмау үшін бағаны теңестіру амалсыз. Бірақ прагматикалық шешім болғанын мойындауымыз керек»

Депутаттың мәліметінше, Ресейде бір литр бензиндегі шикізат құны 12 пайызды, ал 69 пайызын салық пен акциздер құрап отыр. Яғни, жанармай табысы бюджетке түседі. Ал Қазақстанда шикізат құны 58%, ал салық бар болғаны 15 пайыз. Демек, бізде бағаның көтерілуінен мұнай компаниялары мен делдалдар ғана пайда көреді.

Асқар Садықов, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты: «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында мұндай делдалдарды анықтап, жұмысын шектеуді талап етуі бекер емес. Жанар-жағармай бағасын көтеру туралы шешімге қосымша халықтың аз қамтылған топтарын қорғау іс-қимылдарымен толықтыру керек. Атап айтқанда, осыған қатысты шығыстар (коммуналдық қызметтер, көлік) үшін атаулы жәрдемақы төлемдерін енгізу мүмкіндігін қарастыру маңызды. Мұнай-газ саласындағы делдалдық фирмаларды анықтап, қызметін шектеу бойынша шара қабылдау керек».

Айта кетейік, елде бүгіннен бастап жанар-жағармай бағасы көтерілді. Энергетика министрінің жанармай сатуға шекті баға белгілеу туралы бұйрығы 12 сәуір күні күшіне енді. Осылайша, енді АИ-92 және АИ-93 маркалы бензиннің құны 187 тг емес, 205 теңгеден сатылады. Ал дизельдік отын – литріне 295 теңге. Бұған дейін қазақстандық жүргізушілер үшін дизель отынының құны аймаққа байланысты литріне 230-260 теңге аралығында болатын.

«Бұл баға қарапайым халық үшін өте қымбат. Және егер азық-түлік пен әртүрлі күнделікті қажет тауарларды тасымалдайтын жүк көліктері де осы бағамен қатынайтын болса, онда елде тағы қымбатшылық орын алады».

«Елде онсыз да барлығы қымбаттап бара жатыр. Тек азаматтардың жалақысы ғана өспейді. Бензин бағасы өссе, азық-түлік те қымбаттайды. Халықтың жағдайы мәз емес»,-дейді жүргізушілер.

Бірақ баға көтерілсе де жанар-жағармай бекеттерінде әлі дизотын тапшылығы бар. Тіпті, кейбірінде мүлде жоқ деген жазу ілінген. Ал бензин бойынша жағдай тұрақты.