Түркістан облысында индустриялды аймақтардағы өзекті мәселелерді шешу мақсатында арнайы жұмысшы тобы құрылады. Бұл туралы облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен жиында айтылды. Отырыста өңір басшысы инвестициялық жобаларды жүйелі жүзеге асыра алмаған әкімдерді сынға алып, істі ретке келтіру үшін нақты тапсырмалар жүктеді.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды индустриялды аймақтардағы инвест жобаларды жүзеге асыруда жүйелі жұмыс жасамаған әкімдерді сынға алды. Өңір басшысының сөзінше, индустриалды аймақтарда жұмыс едәуір бәсеңдеген. Дархан Сатыбалды көш соңында қалған аудан басшыларына бірқатар тапсырма жүктеп, жұмысты күшейтуді тапсырды.
Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Кей индустриалды аймақтардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілмегендіктен, бірталай шығын келтірілген. Нысандардың инфрақұрылым жабдықтары ұрланып, жұмыстар тоқтап тұр. Осы кемшіліктердің барлығын қалпына келтірілуі тиіс. Жоспар құрып, жаңа жобалар ұсыныңыздар. Индустриалды аймақтардағы проблемалардың мәселелерді шешу мақсатында арнайы жұмысшы тобы құрылсын. Бұл бағыттағы жұмыстар қолға алынсын. Облыстық басқармалар аудан, қала әкімдерімен басқарушы компаниялар арасында тиісті деңгейде үйлестіру жұмыстары жүргізілуі тиіс».
2019 жылы құрылған «Turkistan» индустриялды аймағында өткен жылы 34,1 млрд. теңгеге 2,5 мыңға жуық жұмыс орны ашылып, 44 инвестициялық жоба іске қосылған. Олардың басым бөлігі металургия өнеркәсібі, машина жасау, тамақ және жеңіл өнеркәсіп түрінде жүзеге асып келеді. Ал биыл құны 5,8 млрд. теңгеге 375 жұмыс орнын құру және 13 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Қанат Шонбасов, Түркістан облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының міндетін атқарушы: «Облыстың инвестициялық климатын жақсарту мақсатында өңірімізде өндірістік ғимараттар салу бойынша жұмыстар атқарылуда. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің қолдауымен өндіріс саласын дамытуда жеңілдетілген 1 % қаржыландыру жоспарлануда. Облыс тарапынан 5,4 млрд.теңгеге СПК арқылы өтінім жіберілді. Алайда қаржыландыру тәртібі әлі бекітілмеген. Ағымдағы жылдың мамыр айында қаржыландыру тәртібі бекітілуі күтілуде. Қаржыландырған жағдайда ӘКК тарапынан құрылыс жұмыстары басталады».
«Turkistan» индустриалды аймағының аумағынан алаңы 5,6 га өнеркәсіптік ғимараттар салу жоспарланып отыр. Айта кетейік, облыста жалпы көлемі 538 га аумақта 9 индустриалды аймақ бар. Олар Түркістан қаласында, Кентау, Созақ, Қазығұрт, Мақтаарал, Шардара, Бәйдібек және Түлкібас аудандарында орналасқан.