Қазығұртта тәулігіне 4500 литр табиғи шырын өндіріледі

26

Бүгінде сусын өндірісінде отандық компаниялар алдыңғы шепте. Әсіресе Түркістан облысында сусын өндіретін кәсіпорындар қатары жыл жылжыған сайын артып келеді. Оның ішінде газдалған сусын, табиғи шырын өндіретін өндіріс орындары көп. Оның үстіне жергілікті жұрт тау асып, теңіз басып келген импорт өнімнен көрі отандық өнімдерді молынан тұтынады. Бұл да болса отандық компаниялардың өнімдері тұтынушылардың көңілінен шыққанынан болса керек.

Бүгінде Түркістан облысына қарасты Сайрам, Сарыағаш, Қазығұрт аудандарында шырын өндіретін кәсіпорындар бар. Олардың өнімдерінің басым бөлігі табиғи шырындар. Әсіресе балалар отандық өнімдерді сүйсіне тұтынады.

Түркістан облысына қарасты  Қазығұрт индустриалды аймағында тәулігіне 3000-4500 литр алкогольсіз, табиғи шырынды сусын өндіреледі.

2018 жылы ашылған «Көрік ШҚ» кәсіпорны қазіргі таңда 10 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Бүгінде алма, жүзім, алма және алмұрт, алма және сәбіз, сондай-ақ қызанақ дәмі бар шырындар дайындалады. «Delis» атауымен шығатын шырындар еліміздің бірнеше қаласына, атап айтқанда Астана, Алматы, Ақтөбе, Атырау, Қостанай, Қызылорда, Өскемен қалаларына жөнелтіліп жатыр.

Алдағы уақытта өндіріс ошағының аумағын кеңейтуді жоспарлап отыр. Олай болған жағдайда жұмысшылар қатары да артатын болады. Одан бөлек, шығарған өнімдерін шетелдерге экспорттауды да көздеп отыр.