Ауылдық округтегі жобадан бастап ірі инвестжоба арнайы платформаға енгізілетін болады

23

Облыс әкімі Дархан Сатыбалды мемлекеттік жоспарлауды жобалық басқару жүйесіне көшіруге қатысты жұмыстарды пысықтады. Өңір әкімінің қатысуымен өткен мәжіліс отырысында басқару платформасының артықшылығы айтылды. Айта кетейік, қазіргі уақытта елімізде осы тұжырымдама және заң жобасы әзірленіп жатыр.

Елімізде жобалық басқару жүйесін енгізу мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асырылуда. Облыс әкімінің төрағалығымен өткен жиналыста жобалық басқару тиімсіздікті азайтып, жалпы өнімділікті арттыруға мүмкіндік беретіні туралы сөз болды.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Мемлекеттік қызметкерлерге деген сенім төмен болған сайын осындай бағдарламалар көбейе береді. Әрқайсысымыз өз міндетімізді уақтылы орындап отырсақ, мұндай болмас еді. Президентіміз бірнеше рет осыған басымдық берген болатын. Бұл жүйемен барлық мемлекеттік орган жұмыс істеу керек. Бұл барлығымызға жаңалық болып тұр».

Бұл жоба бюджет қаражатының артық жұмсалуын болдырмай, шығындарды бақылауға көмектесетін болады. Сонымен қатар, мемлекеттік ресурстарды тиімді пайдалануын қадағалап, оның мақсатсыз жұмсалуына жол бермейді. Себебі аталған платформаға ауылдық округтегі жобадан ірі инвестициялық жобалар енгізілетін болады.

Арман Евниев, ҚР Жобалық менеджерлер одағының вице-президенті: «Бұл жобалық басқару жүйе Түркістаннан бастау алған деп толық айтуға болады. Мынау арнайы «Құрылыс платформа.кз 2050»  деген ақпараттық жүйемен таныстырып отырмын сіздерді. Бірақ осы жүйені қазір бүкіл республика істеп жатыр. Бүкіл мемлекеттік органдар, министрліктер, барлық аумақтар толық  Президенттің сайлауалды бағдарламасы осы жүйе арқылы мониторингі жүргізіліп жатыр. «Ұлттық жоба», «Жайлы мектептер» ауыл шаруашылығы  және бірнеше министрліктер толық осымен жұмысын істеп жатыр» .

Бұл басқару жүйесі – халықтың қаржысын ысырап етпей, оны орнымен жұмсауға, ең бастысы жемқорлықты төмендетуге оң ықпалын тигізеді. Бұл ретте, Түркістан облысы әкімдігінің қызметкерлері жобалық басқаруды жүзеге асыру қағидаларымен тереңірек танысу мақсатында тиісті жұмыстар жүргізілуде. Қазір жаңашылдық жайында мемлекеттік орган қызметкерлеріне арнайы семинарлар ұйымдастырылып жатыр.