Кадиология және ішкі аурулар ҒЗИ-ның дәрігерлері тұрғындарға кеңес беруде

42

 Шымкентке келген алматылық дәрігерлер  шалғайдан келген науқастарды қабылдап, медициналық кеңес берді. Аудандардан келген пациенттерге  кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының мамандары  облыстық клиникалық аурухана базасында медициналық көмек көрсетті.  Екі күнге жалғасатын сапар аясында республикалық орталықтан келген мамандар 300-ге жуық тұрғынға көмек көрсетпек.

Келес ауданынан келген Мұрат Қаттабеков бүгін  кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтынан келген аритмолог дәрігердің қабылдауында болды. 40 жастан асқан азаматты соңғы бір жылдан бері жүрегі мазалап жүр екен. Сырқатын тексере келе дәрігерлер оның жүрек қан тамырларының кеңейгенін анықтап, бір жыл алдын Тараз қаласындағы медициналық орталықта операция жасаған.

Мұрат Қаттабеков,  Түркістан облысының тұрғыны: «Былтыр Таразға барып келгелі бері жүрегім мазалап жүр. Арасында ем де жасаттым. Соған қарамастан жүрегім әлі ауырып жүр. Содан кеше аудандағы  кардиолог осында жіберді».

 Түркістан облысы мен Шымкент қаласынан  жалпы 300-ге жуық тұрғын Ғылыми-зерттеу институтынан келген жоғары білікті мамандардың қабылдауына  жазылған. Орталық дәрігерлері пациенттерге  екі күн бойы облыстық клиникалық аурухана базасында медициналық кеңес береді. Сондай-ақ денсаулық көрсеткішіне сәйкес ота қажет науқастарға ғылыми зерттеу орталығының өзінде хирургиялық ем жасаймыз дейді мамандар.

Марат Пашимов, «Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ» АҚ төрағасы: «Түркістан облысының тұрғындарына консультациялық кеңес беруге келдік. Басты мақсатымыз-халыққа қолжетімді медициналық көмек көрсету және тәжірибемен алмасу. Институттан келген мамандар профессорлар. Науқастарды қабылдап қана қоймай, ота жасау қажет болса жоспарлы немесе шұғыл түрже жасауға дайынбыз»

Айта кетейік, кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты мамандарының жұмыс сапары өзге де өңірлерде жалғаспақ. Білікті мамандар енді Жамбыл, Қызылорда және Алматы облысына барып, жергілікті халыққа медициналық кеңес бермек.

Лаура Нахыпқызы