Түркістан облысында тозығы жеткен көп қабатты тұрғын үйлер қайта жаңғыртудан өтіп жатыр. Қазірдің өзінде Ордабасы ауданына қарасты Темірлан ауылындағы 23 көп қабатты үйдің 12-сі күрделі жөндеуден өтті. Шамамен 60-шы жылдары салынған үйлердің құрылысы қалай жүріп жатыр? Жергілікті тұрғындар құрылыстың сапасына қанағаттана ма?
Бұл 2 қабатты тұрғын үйлер шамамен 1960 жылдары салынған. Ал күрделі жөндеуден соңғы рет 80-ші жылдары өтіпті. Содан бері жөндеу көрмеген ғимарат әбден ескіріп,тозығы жеткен. Тұрғындардың айтуынша, тек кейінгі екі жылда жобалық сметалық құжат әзірленіп, қайта жаңғыртылып жатыр.
Меруерт Бекеева, Темірлан ауылының тұрғыны: «Бұрынғы әкімдер тек қана орталық көшелерді ғана жаңартып кететін. Ешқандай үйлердің арасына кіріп, көңіл бөлмейтін. Шынын айтқанда үйге қонақ шақыруға ұялатынбыз. Қазір үйімізге қонақ шақыра аламыз. Барлығы салынып, жақсы нәтижесін көріп отырмыз. Халықтың талабына сай жақсы болып келе жатыр. Балаларды қалаға барып ойнататынбыз. Қазір қаланың керегі жоқ бізге, балаларымыз қуанышты».
Жалпы былтыр көпқабатты тұрғын үйлерді жаңғырту үшін аудандық бюджеттен 200 млн. теңге қаржы бөлінген. Бұл қаражат 12 үйге күрделі жөндеу жүргізуге жұмсалды. Мекеме жұмысын тұрғындар арасынан сайланған белсенді топ бақылауға алып, қадағалап отырды.
Камила Арқарбай, тұрғын үй комитетінің төрайымы: «Мердігердің істеп берген ішкі-сыртқы жұмыстарына рахмет айтамын. Өйткені барлығын біркелкі етті. Бәрі әдемі көрініп тұр. Одан қалса, шатырларымыздың тозығы жеткен еді. Үйімізге су өтетін. Ана жерге тостақ, мына жерге тазик қоятынбыз. Қазіргі таңда көріп тұрсыздар тамаша шатыр қойып берді. Айнала төңіректің бәрі жиналып қалды».
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, мекеме ескі тұрғын үйдің шатыры мен балконнан бөлек, сыртқы және кіреберіс қабырғаларын қайта сылап, сырлап шығыпты. Тіпті баспанаға қосымша іргетас құйып, электр сымдарын да ауыстырған. Одан бөлек, сырттан әрбір пәтерге зат қоятын бір-бір сарай салып берген.
Ержан Смайылов, Ордабасы ауданы әкімінің орынбасары: «Сарайлардан бастап, әжетханаға дейін, ойын алаңшалары, асфальттеу жұмыстары, орындықтар бәрі осының ішіне кірді».
Аудан әкімінің орынбасары биыл жыл соңына дейін қалған 11 көпқабатты тұрғын үй кезең-кезеңімен жаңғыртудан өтетінін айтты. Оған аудандық қазынадан 285 млн. теңге қаржы бөлініп отыр.