Тозығы жеткен үйлер қайта жаңғыртылуда

86

Шымкент қаласында биыл «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 25 көппәтерлі тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қарастырылған. Нәтижесінде ескірген үйлердің шатыры мен инжернерлік коммуникация жүйелері жаңартылып, жертөлелері күрделі жөндеуден өтуде.

 

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Ерғали Білісбеков күрделі жөндеуден өтіп жатқан үйлерді аралап, тұрғындарымен кездесті. Қала әкімінің орынбасары ең алдымен «Күншығыс» шағын ауданындағы №21 –ші үйдің күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. Ширек ғасырдан астам уақыт жөндеу жұмыстары жүргізілмеген 60 пәтерлі тұрғын үй толығымен қайта жаңғыртылып отыр.

Жамиля Досболова, Шымкент қаласының тұрғыны: «Бұрын жаңбыр жауғанда шатырдан су өтіп, әбігерге салынатынбыз. Қала әкімшілігінен қаржы бөлініп, жұмыстар жүргізілуде. Қуанып жатырмыз.»

Қала әкімінің орынбасары Ерғали Дәулетбекұлы нысандарды аралау барысында жауапты сала жетекшілері мен жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан мекеме қызметкерлеріне бірқатар тапсырма берді. Мұндағы ең басты мақсат халықтың жайлылығы үшін күрделі жөндеу жұмыстарының барлық талапқа сай сапалы да қауіпсіз жүргізілуі.

Күншығыс шағын ауданындағы №17 үйдегі жұмыс сапасын бақылаған маман, үй тұрғындарымен жүздесіп, күрделі жөндеу жұмыстарына қатысты өтініш-тілектерін тыңдады. Осында 15 жыл тұрып келе жатқан үй төрайымы Светлана Чреватых тұрғын үйдің қайта жаңғыртылып, әбден тозығы жеткен жерлерінің жаңартылғанына қуанышты.

Жалпы, күрделі жөндеу жұмыстары үшін жергілікті бюджет есебінен қаражат бөлініп, жөндеу жұмыстары қайтарымды негізде жүргізілуде. Ерғали Білісбеков жауапты сала мамандарына келесі жылғы күрделі жөндеу жұмыстарын жыл соңына қалдырмай ерте аяқтауды тапсырды.

Тұрғын үй қорын сақтау және тиісінше пайдалану шараларына сәйкес Шымкентте биыл коммуналдық тұрғын үй қорындағы 11 көпқабатты тұрғын үйге ағымдағы жөндеу жұмыстарын да жүргізу қарастырылған.

Гүлдана Дәурен