Шымкент қаласының дамуына қатысты Мемлекет басшысының берген тапсырмасына орай бүгінде үшінші мегаполисте индустриялық-инновациялық және экономикалық даму бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Экономикалық даму көрсеткіші жоғарылап келеді.
Күні кеше қала әкімі Мұрат Әйтенов индустриалды аймақтардың инфрақұрылым жүйелерін дамыту бойынша арнайы жиын өткізді. Басқосуда бизнеске қолайлы жағдай жасауда атқарылған жұмыстар баяндалып, өзекті мәселелер талқыланды.
Қазір қаладағы «Жұлдыз», «Бозарық», «Тассай» индустриалды аймақтарына инфрақұрылым жүйелері тартылуда. Ауыз су, электр және табиғи газ, кәріз жүйелерінің құрылысы өндістік кестеге сай жүргізілуде. Сондай-ақ, сауда логистикалық орталығының жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленіп, техникалық-экономикалық негіздемесі жасалуда.
Индустриялық аймақтарда кәсіпкерлерге барынша қолайлы жағдай жасау бағытында барынша жағдай жасалуда. Аталған бағыттағы жұмыстар соның бір парасы ғана.
Кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасауда атқарылып жатқан шаралармен танысқан Мұрат Дүйсенбекұлы жауаптыларға аймақтардағы жұмысты үйлестіру бойынша бірқатар тапсырма берді.
“Кәсіпорындар электр қуатын тиімді пайдалану қажет. Қолданылмайтын қуат көздеріне шұғыл тексеру жұмыстарын жүргізіңіздер. Өндіріс орындарын аймақтарға шоғырландыруды жүйелі ұйымдастыру керек. Барлық индустриалды аймақтар үздіксіз жұмыс істеуі қажет. Бұл – уақыт талабы. Сонымен бірге, аймақтарды кеңейту, әрі қарай дамытуда нақты жұмыстар атқарылуы тиіс. Индустриалдық аймақтағы кәсіпкерлік нысандарын барынша жағдай жасап, демеп отыру керек. Өндіріс үшін қолайлы шарттар жасау жеткіліксіз. Жергілікті өнімдердің ішкі нарыққа таралуы мен экспортына ықпал етуді қарастыруымыз қажет” – деді қала әкімі.
Сондай-ақ, Мұрат Дүйсенбекұлы тиісті басқарма басшыларына теміржол тұйығын жүргізуді ұйымдастырып, құрылыс талаптарын бақылауды тапсырды. Қала әкімі екі аптадан кейін кесте бойынша индустриалды аймақтарды аралап, құрылыс барысын тексеретінін жеткізді.