Қазақстанда ауылдық округ кеңестері құрылады

101
Төлеби ауданындағы 1-ші Мамыр ауылдық округінде практикалық жаттығу өтті

Ауылдық округтер деңгейінде азаматтардың ашық дауыс беруі арқылы төрт жыл мерзімге жергілікті өзін-өзі басқару органы – кеңесті құру ұсынылып отыр. Кеңес құру кезінде оның өз аппараты болмайды, оның қызметін әкім аппараты қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар, кеңес төрағасы кеңес мүшелерінің арасынан ашық дауыс беру арқылы сайлануы ескерілген. Осы лауазым тұрақты негізде болады, сондай-ақ оған жалақы ауыл бюджеті есебінен төленуі ұсынылып отыр.

«Жергілікті өзін-өзі басқару институтының тиімділігін арттыру үшін жергілікті өзін-өзі басқару органдары мен ауыл әкімдерінің дербестігін кеңейту талап етіледі. Бұл ретте кеңес келесідей функцияларға ие болады. Бірінші кезекте бұл – бюджетті бекіту жөніндегі өкілеттіктер. Қазіргі уақытта ауыл әкімі бюджет жобасын әзірлеп, оны жергілікті қоғамдастық жиналысымен келісіп, содан кейін аудан әкімдігіне қарауға жіберетіні белгілі. Нәтижесінде, бюджеттің IV деңгейін аудандық мәслихат бекітеді. Демек, біз бюджетті бекіту құқығын кеңес атынан тікелей тұрғындарға береміз. Аудан өз кезегінде ауылдарға барлық болжамды параметрлерді, лимиттер мен трансферттер көлемін жеткізеді», — деді мәжілістің Қазақстандағы жергілікті өзін-өзі басқару туралы заң жобасын таныстыру кезінде Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков.

Сонымен қатар, кеңес өзге де құжаттарды, оның ішінде жергілікті қоғамдастықты дамыту бағдарламаларын, абаттандыру ережелерін, әкім аппараты азаматтарға көрсете алатын ақылы қызметтер тізбесін, сондай-ақ көше саудасы, мерекелік іс-шаралар өткізу орындарын бекітеді.

Кеңес мәслихат алдында әкімді қызметтен босату туралы мәселеге бастама жасау құқығына ие болады. Бұрын мұндай құқық жергілікті қоғамдастық жиналысында болған.