Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов халықпен кездесуін бұл жолы Абай ауданынан бастады. Тоқсан сайын атқарылған жұмыстар туралы есеп беріп әрі азаматтардың жанайқайын тыңдап отыратын қала басшысы осының арқасында бірқатар проблема шешімін тауып келеді дейді.
Бірақ бұл жолғы кездесу өзгеше болды. Әдетте, сұрақ-жауап кезеңі қала әкімі мен аудан басшысының есебінен кейін басталса, бұл жолғы жиында халықтың талап-арызы алдымен тыңдалды.
«Бізге әкімнің есебі қажет емес». Бүгін Шымкент қаласы Абай ауданының тұрғындары есеп беріп жатқан Мұрат Әйтеновті бірауыздан тоқтатып, сұрақ-жауапқа кезек беруін талап етті. Қарапайым жұрт тіпті аудан әкімінің де тоқсандық қорытынды есебін тыңдағысы келмеді.
Ал «мені сағынып қалыпсыздар» деп қалжыңдаған мегаполис басшысы мұны қуана қабылдап, бірден халықтың жанайқайын тыңдауға көшті. Расында бүгінгі жиынға келгендердің қарасы қалың. Тіпті қала әкімі орын жоқтығынан сыртта тұрған тұрғындарды да ішке кіргізді. Ал орындық жетпеген азаматтар жерде отырып кезек күтті.
Қала басшысына сұрақ қоюды Асар 2 шағынауданының тұрғындары бастады. Көпқабатты тұрғын үйдің сапасына көңілі толмайтын жұрт жертөлеміз үнемі суға толып жатады деп наразы. Сөздерінше, бұл проблеманы айтып жүргендеріне 2 жылдың жүзі болған.
Айгүл Қораласбаева, Шымкент қаласының тұрғыны: «Суағары жоқ, ештеңе жоқ. Үйдің бәрі жарық. Үйді алғанымызға 2 жылға ғана болды. Қаңтар айынан бастап Абай ауданына өттік. Парманов мырза лоток істеп береміз деп уәде берген. Бірақ әлі нәтиже жоқ. Ертерек шешіп беріңіздер»
Мұрат Әйтенов бұл мәселе бойынша тиісті сала басшыларына арнайы топ құрып, бір апта ішінде барлық кемшіліктерді анықтауды тапсырды. Ал одан кейін жеке өзі барып жұмысты бақылайтынын айтты.
Әуежай маңында бұзылуы тиіс 100 үй тұрғындары да бүгін қала әкімінен көмек сұрап келіпті. «Біз көшеде қаламыз ба?» деп алаңдаған халық биліктен айтулы мәселені шешіп беруді сұрады.
Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Егер 100 үй бұзылмаса, халықаралық ұшақтар ұша алмайды. Үлкен ұшақтар ұшпайды. Сол үшін біз бүгінгі күнде үлкен халықаралық комиссия келді. Сол жерде бәрін талқыладық. Егер халықаралық ұшақ ұшпаса, экономика қалай жүреді? Туристер келуі керек. Оны ешкім тегін алайын деп жатқан жоқ, 1 жылда алайын деп жатқан жоқ».
Қала әкімінің айтуынша, 100 үйді бұзу үшін 34 млрд7 теңге қажет. Сондықтан оның барлығы кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Және азаматтарға жекеменшік компанияның есептеуімен үйдің шығыны толық беріледі.
Жалпы кездесу барысында тұрғындар тарапынан инженерлік инфрақұрлымға қатысты сауалдар басым болды. Бірі асфальт жол қажет десе, енді бірі электр жарығының мәселесін көтерді. Ал мегаполис басшысы әр азаматтың проблемасы жіті бақыланып, тексерілетінін айтты.