Шымкент қаласының геопорталы мамырда толық іске қосылады

51

Шымкент қаласының геоақпараттық жүйесі ағымдағы жылдың мамыр айында толық іске қосылады. «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асатын жоба қаладағы нысандар, инфрақұрылым жайлы мәліметті тез арада алуға мүмкіндік береді. Енді әрбір азамат кез келген жерден геопорталға кіріп өзіне қажетті мәліметті ала алады.

Шымкент қалалық сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы жағымды жаңалықпен бөлісті. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес қаламыздың геоақпараттық жүйесі жасақталуда. Геопортал мамыр айында толық пайдалануға қосылады. Геоақпараттық жүйе толықтай аяқталмағанымен, қазіргі таңда, басқармамен көрсетілетін бірнеше мемлекеттік қызметтер бойынша қала тұрғындарының өтініштерін қабылдауға мүмкіндігі бар.

Нұрбол Жүнісбеков, Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы басшысының м.у.а.: «Ия біз қазір өтініштерді қабылдап жатырмыз.Тиімді. Және бізге келудің қажеті жоқ. Геопортал барлық мәліметтерді көрсетеді қай жерде ауыз су құбыры өтеді, электр жарығы желісі, қызықтырған нысанның жанында қандай құрылымдар бар. Өте тиімді».

Бұдан бөлек, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» Ұлттық жобасының аясында тұрғын үйлердің жалпы аумағын ұлғайту мақсатында тұрғын үйлерді пайдалануға тапсыру жоспары бекітіліп, оның орындалуын қадағалау басқармаға жүктелген.

Нұрбол Жүнісбеков, Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы басшысының м.у.а.: «Бұл тұрғын үйлердің басым бөлігі қаланың аумақтардың егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларына сәйкес, солтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан «Шым Сити», «Тұран», Әкімшілік іскерлік орталығы, «Бозарық» шағынаудандарында орналасатын көпқабатты тұрғын үйлер есебінен жоспарлануда».

Басқармадағылар «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру аясында бірде-бір өтініш қараусыз қалмайды. Әлеуметтік желілер ақпараттық жүйелер арқылы қойылған сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары саласына байланысты сұрақтарына уақытылы әрі жауап берілуде дейді.