Түркістан облысында қайтыс болған қызды мектеп оқушысы бопсалаған болуы мүмкін

Түркістан облысында оқушы қызды өлтірген күдіктілерге қатысты жаңа деректер белгілі болды. Төрткүл ауылындағы 9 сынып оқушысы Аружан Орынбайды сол мектепте оқитын 11 сынып оқушысы мен 19 жастағы ауылдасы миллион теңге бермесең фотоңды әлеужеліге жариялаймыз деп бопсалаған көрінеді. Алайда, мұндай соманы таба алмаған 15 жастағы қызды бірнеше рет пышақтап, денесін суға ағызып жіберген дейді туыстары. Қазір күдіктілер қамауға алынып, тергеу жүргізілуде. Дегенмен, марқұмның туыстары олар жазасыз қала ма деп уайымдап отыр.

Аружан Орынбайдың әжесі енді немересінің тек суреттеріне қарап ботадай боздайды. Ол 9 сыныпта оқып жүрген немересі пышақталған күйі ауыл маңынан өлі табылғанына әлі де сенгісі келмейді. Сол күні кешке үйдегілер ұйқыға кеткенде сыртқа шығып кеткен Аружан қайта оралмаған. Әжесі оның кісі қолынан өлгеніне сенімді. Себебі, үйдің іргесіндегі арықтың маңы әбден қанға малыныпты. Қызды өз-өзіне қол жұмсағандай етіп көрсеткен күдіктілер қылмысын жасыру үшін жарақат алған қызды суға тастаған дейді ол.

Құрманкүл Салқынбекова, марқұмның әжесі: «Дыбысы шықпасын деп бүйтіп кигізіп тұрған да, жаңағы 11 сыныптың баласы қолын артқа ұстап тұрған. Қайырып анау пышақты 2 рет ұрған. Одан кейін барып қыз құлағаннан кейін анау балаға «сен қолын кес» деген. Одан кейін ол қолын кескен. Арықтың жағасында қан деген мынадай».

Қазіргі таңда қызды өлтірді деген күдікке ілінген екі адам ұсталды. Оның бірі 19 жастағы ауылдасы болса, екіншісі Аружанмен бір мектепте оқыған 11 сынып оқушысы. Қара жамылған отбасы олар қыздың жалаңаш суретін әлеуметтік желіге жариялаймыз деп бопсалап, бір миллион теңге ақша сұрағанын айтады.

Динара Зілғараева, марқұмның анасы: “Соңғы мәрте 6-на менен ақша сұрады қызым. Сосын мен айттым әкеңнен сұрашы деген едім мама сіздер ондай ақшаны тауып бере алмайсыздар деді. Сөйтіп менің қызымның әдеті бар күліп ойнайтын да, сосын «неғыласың ол ақшаны» деп қайта қайта сұрап едім «мама, мен шетелге кетем» деді. Міне, шетелге кетті ғой. Сосын кейін осы 2 бала бопсалаған. Ақша бермесең масқараңды шығарам деген“

Марқұм Аружанмен 11 сынып оқитын күдікті туралы мектептегілер тек қана жақсы пікірде. Екеуінің өзара қарым-қатынасы туралы енді естіп отырмыз деген мұғалімдер күдіктінің момын екенін айтады.

Қанат Коспанов, Төрткүл орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары: «Ешқандай аутодиструктивті мінез-құлық ол баланың бойынан табылмаған. Сауалнама нәтижесінде ол өзі сәл қорқақтау бала, сондай қаттырақ сөйлесең жылап қалатын сондай бала, одан бір қылмыс шығады деп біз мүлдем ойламадық.»

Қазіргі таңда оқиғаға байланысты полицейлер кісі өлтіру дерегімен іс қозғап, сараптама тағайындады. Дегенмен, бірі ауқатты отбасының баласы, екіншісі экс-ауыл әкімінің ұлы деген туыстары іс жылы жабылып, айыптылар жазасыз қала ма деп уайымдап отыр. Сондықтан істі облыс прокуратурасы бақылауға алса екен дейді.