Этносаябақтағы қарағайлар қурап жатыр

69

Шымкенттегі этносаябақта жүздеген қарағай қурап жатыр. 45 градус ыстыққа төзімді деген селекциялық өнім қыстағы -25 градус суыққа үсіп кетті дейді мамандар. Енді 700-ге жуық ағашты кесіп тастауға тура келеді. Дегенмен жауаптылар қарағайларды мүмкіндігінше аман алып қалуға тырысатынын айтып отыр.

Шымкент қаласына кіреберістегі Бәйдібек би атауымен танымал этнопаркте қарағайлар қурап жатыр. Мыңдаған қарағайды саябақ ашылатын кезде көршілес елден 45 градус ыстыққа төзімді деп алып келген екен. Алайда, күннің ыстыған шыдас берген Эльдар қарағайы биылғы қыстың суығына шыдамай, үсіп қалған. Енді саябақтағы  700-ге жуық қылқанжапырақты өсімдік кесілгелі жатыр.

Сәкен Бараханов, Шымкент қаласының тұрғыны: «Жаз басталмай жатып, талдардың қурағаны жанға батады. Табиғатты аялау керек қой, айдала емес, қаланың ортасы. Жалғыз мен демалмаймын ғой бұл жерде, көп қой келетіндер, бәрі келіп демалады. Келіп демалғанда көгерген нәрсеге қарап демаласың да, қурап қалған нәрсеге қарап демалмайды ғой. Ауырып жатқан шығар, бірі-біріне жұғып, мамандарын әкеліп тексеру керек. Дәу талдар неге қурап кетіп жатыр десек, анау кішкентайлар да қурап жатыр ғой, біртіндеп кетіп жатыр».

Қала тұрғындары мен қонақтары келіп күнделікті демалатын жасыл-желекке толы орында қазір сарғайған қарағайлар көп. Эльдар қарағайы – селекциялық өнім, оны тек ыстыққа төзімді болғасын ғана емес, қаржы жағынан тиімді болғаннан соң да отырғызған. Бүгінде этнопаркте 15 мыңға жуық түп қарағай болса, оның 8000-нан астамы дәл осы Эльдар қарағайы.

Әбілқайыр Оңғар, Шымкент қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы басшысының орынбасары: «Биылғы жылдың өте суық болуына байланысты қыстағы ауа-райының 22 мен 27 градус арасында бір апта тұрақты ұстап тұруы. Одан кейінгі ауа райының 20-дан төмен болуы осы эльдар қарағайының үсуіне алып келді, үсік шалды десек болады. Енді біз ерте көктемнен бастап, Шымкент қаласының білікті агрономдарымен, осы саладағы профессорлармен және Астана қаласынан тиісті мамандарды алып келіп, осы қарағайларды аман алып қалу бойынша жұмыс бастадық. Жұмыс нәтижесінде біз қазір амафоз, эпин, эпин экстра системасына қосымша био қоспалар беріп, қарағайлардың 85-87 пайызын аман алып қалдық».

Жалпы этнопарктегі жасыл-желектің 90 пайызы қылқан жапырақты өсімдіктер. Мамандар үсік шалған қарағайлардың 85 пайызға жуығын аман алып қалуға тырысамыз дейді. Ал ары қарай бейімдеуге жарамайтын өсімдіктерді кесу бойынша тағы да кеңес өткізіліп, ағаштар қайта тексеріледі. Барлығы анықталған соң, жаз айларында кесу жұмыстары басталады. Жауаптылардың сөзінше, кесілген ағаштардың орнына мердігер компания 700-ге жуық көшет отырғызып бермек.