5G интернетінің зиян емес екенін дәлелдеу үшін тексеру жүргізілді

39

Шымкентте 5G жоғары жылдамдықтағы интернет желісі қолжетімді. Қазірдің өзінде 10-нан астам станция орнатылған. Бұл көсреткішті жоғарылату мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Бірақ ел арасында тараған қауесет айтарлықтай кедергі болып отыр. Сондықтан интернет желісінің қауіпсіз екенін дәлелдеу үшін арнайы тексеру өткізілді.

«5G интернеті-вирус таратады әрі радиациясы жоғары». Ел арасында тараған бұл қауесет үшінші мегаполисте жоғары жылдамдықтағы интернет желісін орнатуға айтарлықтай кедергі болып отыр. Осылай деген Kcell акционерлік қоғамы мұның ешқандай зияны жоқ дейді. Өйткені, ұялы байланыс антеннасы тұрғын үйдің үстіне санитарлық аумақ талаптарына сәйкес орнатылады. Әрі базалық станция орнату үшін құзыретті орындардың рұқсаты мен тиісті санитарлық паспорты беріледі.

Бақытжан Сандыбаев, Kcell акционерлік қоғамының өкілі: «Мысалы біз инвесторға 20-30 шақты антенна орнатып беруді сұрасақ, олар сол елдімекенге барып халықтың наразылығына байланысты орната алмай жатады. Бірақ сол жердегі кейбір тұрғындар бізге кселл активтің байланысы нашар, жақсартып беріңдер деп шағымданады. Сол жағынан кішкене қиындау».

Халық арасындағы радиофобияның алдын алу үшін Kcell мобильді оператор мен ұлттық зертхана мамандары арнайы тексеріс өткізді. Тексеріс барысында мамандар толқындардың зиян еместігін, сондай-ақ нормаға сәйкестігін дәлелдеді.

Бақытжан Сандыбаев, Kcell акционерлік қоғамының өкілі: «5G ерекшелігі – ол жоғары сапалы интернет желісі. Шамамен секундына 1 гб интернетпен қамтамасыз ете аламыз. Оның жиілігі 3600-3800».

Жалпы бүгінде Шымкент қаласында 5G интернеті қолжетімді. Қалада 10-нан астам базалық станса жұмыс істейді. Kcell компаниясы алда бұл цифрді ұлғайтып, тұрғындарды қауіпсіз әрі жылдам интернетпен қамтымақ. Жалпы саны 100-ден астам станса орнату көзделген. Сондай-ақ қолданыстағы 200 стансаны модернизациядан өткізу жоспарланып отыр.

Мұхит Кемелов, Шымкент қалалық цифрландыру басқармасының басшысы:
«Өзіміз тиісті инвесторлар тауып жұмыс істеп жатрымыз. Негізі бізде қала орталығынан көп шағым түспейді. Көп жағдайда шалғай елдімекен тұрғындары интернет жылдамдығына арызданып жатады. Сондықтан биылғы жылы Шымкент қаласында 29 елдімекенге осы базалық станса орнату көзделген. Яғни, біз осы мобильді операторларға инвестор таба отырып, тиісті жер телімдерін таба отырып көмек береміз».

Айта кетейік, 5G интернет желісі «Қолжетімді Интернет» ұлттық жобасы аясында ірі қалаларда жүзеге асырылып жатқан жоба. Әлемдік деңгейдегі жоғары интернет-алыстағы ауыл-аймақ пен қала сыртындағы елді мекендерді байланысқа қосып қана қоймай, көптеген саланың дамуына септігін тигізері сөзсіз.