«Шошып тұр ғой». Түлкібастық жігіт Оңтүстік Кореядан келін әкелді

47074

Оңтүстік Корея елінде тұратын кәріс қызы Түркістан облысы Түлкібас ауданына келін боп түсті. Қолына ақ құсын қондырған жігіт сол елде жұмыс істеп келген екен.

Келін түсіру сәтінің видеолары әлеуметтік желілерде пайда болды. Онда қазақтың барлық жөн-жоралғылары сақталған беташар рәсімін көруге болады. Келіннің бетін әулеттің үлкен енесі ашады.

«Қуаныштымын, сіз отырсыз, Бауыржан көкем отыр. Бүкіл жағдайдың бәрін жасадыңыз. Кореядан келін түсіріп отырсыздар. Әркімнің шамасы келе келмейді. Бетін ашыңыз. Бетінен сүймеңіз, бетпақ боп кетеді, маңдайынан сүйіңіз, апа»,-дейді беташарды басқарған асаба.

Видеоны көрген желі қолданушылары түрлі пікірлерін жаудырды. Басым көпшілігі жастарға бақыт тілесе, енді бірі қазақ отбасына келін атанған кәріс қызы аздап шошынып тұрғанын алға тартқан. Пікір қалдырғандардың кейбірі өзге ұлттың қызына үйленген қазақ жігітін сынның астына алды.

«Жаным, шошып тұр ғой», «Алла сақтасын, өз қазағы құрып қалып па еді?», «Жақсы көріп, сонау елден көніп келген қыздан айналайын», «Ақ орамалды жауып жатқанда шошып кетті ғой», «Сүйкімді екен», «Бақытты болсын, қорқытып-шошытып алмаңдар», «Ұлт маңызды емес, бастысы бір-бірін жақсы көрсе болды», «Бәрі жақсы болады. Бақытты болсын», «Өзіміздікі құрып қалғандай», «Махаббат ұлтқа қарамайды», «Қазақ қызға ұқсайды екен» деп жазды желі қолданушылары.

Желі қолданушыларының пікірінше, кәріс қызы Түлкібас ауданы Амангелді ауылындағы шаңыраққа келін боп түскен. Қолына ақ құсын қондырған қазақ жігіті 5 жыл бойы Оңтүстік Корея елінде жұмыс істеп келген екен.