Шымкентте көбейіп кеткен жылан жұртты шошытып отыр

20596

Шымкентте жылан көбейіп кетті. Олар тұрғын үйлерден, тіпті балабақшадан да табылған.

Қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің жедел-құтқару жасағы жыл басынан бері 17 рет жылан аулауға шыққан. Тек мамыр айында тұрғындардан 9 шақырту түскен. Мәселен, 16 мамырда осындай жағдай «Самал-3» және «Азат» шағынаудандарында тіркелген.
Құтқару қызметіне сағат 12.52 -те «Самал-3» шағынауданындағы Мәңгілік ел көшесінде орналасқан бала бақшалардың бірінде жылан табылғандығы туралы хабарлама келіп түскен. Оқиға орнына 4 адамнан тұратын құтқарушылар тобы шығып, жыланды қауіпсіз аймаққа шығарған. Дәл сол күні сағат 15.25-те «Азат» шағынауданы Ақбастау көшесіндегі тұрғын үйден жылан табылған. Құтқарушылар дер кезінде жыланды тауып, қауіпсіз аймаққа алып кеткен.

Мамандардың айтуынша, сәуірдің ортасынан мамыр айының соңында жыландарда жұптау процесі жалғасады. Осы кезеңде олар ең қауіпті және ең үлкен агрессияны көрсетеді.