Шымкенттік ІТ мамандар қазақ елінің қалыптасу тарихын бейнелейтін туынды жасап шықты. Олар Голливудтық технологияны қолдана отырып, анимациялық картина жасауды қолға алған. Жоба авторлары елімізде бұрын соңды болмаған жаңа дүниені жасап жатқанын айтады.
Бұл жоңғар шапқыншылығы мен қазақ елінің азаттық үшін күресін көрсететін толық метражды мультфильм. Шымкенттік ІТ мамандар соңғы үлгідегі технологияның көмегімен көрерменге аласапыран заманның бар тауқыметін шынайы жеткізуді қолға алған.
Мұнда басты кейіпкердің бет бейнесі мен мінезін шынайы көрсету маңызды. Оның бәрін компьютерлерде жасап шығады. Сонымен қатар, сюжеттің іс-қимылы арнайы жасыл бөлмеде түсіріледі. Сақталған іс әрекет батырдың бейнесіне айналады.
Бабыр Медет, дизайнер: «Біздің жобаның айырмашылығы графика мен анимацияда шынайылыққа қол жеткізу. Біз маушн капчер жүйесі сияқты ең жаңа технологияларды қолданамыз. Мұнда кейіпкердің кадрлық анимациясы емес, оны рөлде ойнау және оның қимылдары мен эмоцияларын тікелей бағдарламада ойнату мүмкіндігі бар»
Жоба авторларының айтуынша мұндай мультфильмдер Қазақстанда бұрын-соңды болмаған. Мамандар ғажап туынды тудыратын бағдарламаның лицензиясы мен студияны өздері сатып алған. Басты мақсат қазақстандық аниматорлардың да сапалы контент жасай алатынын әлемге көрсету.
Азиз Есжанов, жоба авторы: «Түсірілім алаңы мен кейіпкерлер бәрі де жергілікті өзіміздің мамандардың қолынан шықты. Біздің командада өзіміз дайындаған мамандар да, әлемдік деңгейдегі шеберлер де бар. Қазіргі уақытта тизерлер дайын, барлық шығынды өзіміз төлеп жатырмыз»
Фильмнің толық нұсқасы мамыр айының соңында жарыққа шығады. Қазір сценаристер мен редакторлар мультиграфика мен дыбыс қою жұмысымен айналысып жатыр. Ал авторлар туынды атауын құпияда ұстауды жөн көрді. Себебі әлі мультфильм аты бекітілмеген.