Сүйінші! «Томпақтың» тұсауы кесілді

1834
"Томпақ" - балаларға арналған анимациялық фильм

Жағымды жаңалық! Қазақстанда алғаш рет балаларға арналған анимациялық телетуынды жарық көрді. «Балапан» телеарнасының тапсырысы бойынша Шымкенттегі «Сақ» киностудиясы телехикая түсірді. Ол «Томпақ» деп аталады.

"Томпақ" - балаларға арналған анимациялық фильм
«Томпақ» – балаларға арналған анимациялық фильм

Осы орайда Шымкенттегі «Қазақстан аниматорлары қауымдастығы» фантастикалық жанрда түсірілген телехикаяның тұсаукесер рәсімін өткізді. Көрсетілімнің алғаш болып көру мүмкіндігіне «Балапан» телеарнасының басшысы Ләйла Сұлтанқызы, сценарий жазған Батырхан Дәуренбеков, «Сақ» киностудиясының басшысы Нұриддин Пәттеев және түсірілімге қатысқан кішкентай әртістер мен олардың ата-аналары, БАҚ өкілдері ие болды. Аниматорлар бұл туындыны көпшілікке ұсынбас бұрын өздері бір саралап алғанды жөн көріпті.

12 бөлімнен тұратын кинотуындының сценариін жазған әрі режиссері – Батырхан Дәуренбеков. Түсірілімге театр және кино өнерінің әртістерімен қатар 70-ке жуық мектеп оқушылары қатысқан. Телехикая Төле би ауданының Диханкөл, Қасқасу ауылдары мен оңтүстіктің табиғаты шұрайлы бірқатар аудандарында түсірілді.

Тасболат, Берік, Есет және Томпақ
Тасболат, Берік, Есет және Томпақ

Фильмнің желісі бойынша бір ауылда тұратын кішкентай үш бала түнде көршінің алма бауына ұрлыққа түседі. 2-сыныпта оқитын үш дос сөйтіп жүріп, ауыл сыртына шығып кетеді. Олар кенет аспаннан бір жарық сәуленің жерге қарай зымырап келе жатқанын көріп, алып-ұшып жетіп барса, жерде қирап жатқан ұшатын табақшаны көреді. Балалар сол маңда ес-түссіз жатқан, жатпланеталықты тауып алып, түнде өздерімен бірге үйлеріне алып қайтады. Оған «Томпақ» деп ат қояды. «Томпақ» есін жиған соң үш достың өмірінде адам сенгісіз ғажап оқиғалар басталады.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=auxQTRfZrfw[/youtube]