«Қазақ анимациясы тұралап тұр»

Батырхан Дәуренбеков, «Оңтүстік-фильм» киностудиясының директоры, режиссер, сценарист, аниматор:

Бүгінде балақайларға базарлық сыйлап, қазақ мультфильмінің қанат жайып, өркендеуіне атсалысып келе жатқан аниматорларды саусақпен санайсыз. Сондайлардың бірі оңтүстіктің тумасы, жерлесіміз – Батырхан Дәуренбеков. Өзіндік қолтаңбасы бар сценарист-аниматор «Толағай», «Қошқар мен Теке», «Момын мен қарақшылар», «Маймақ қаз», «Қанатты Барыс», «Қазақия», «Мұңлық-Зарлық», «Сапа олимпиадасы» сияқты деңгейі жоғары көптеген қазақ мультфильмдерін балақайларға ұсынып келеді.

Батырхан Дәуренбеков, «Оңтүстік-фильм» киностудиясының директоры,  режиссер, сценарист, аниматор:
Батырхан Дәуренбеков, «Оңтүстік-фильм» киностудиясының директоры,
режиссер, сценарист, аниматор:

– Батырхан Қалдарбекұлы, «Оңтүстік-фильм» киностудиясы қашан ашылды? Негізгі бағыттарыңыз қандай?

– «Оңтүстік-фильм» киностудия-сының мемлекеттік мекеме болып құрылғанына 1 жыл толды. Бұған дейін «Кино-бейне» орталығы деп аталатын. Кеңес Одағы кезінде ауылдар мен аудандардағы клубтарға кинотуындылар осы мекеме арқылы жіберілетін еді. Бертін келе облыстық кино-бейне орталығы атанып, деректі фильм жасаумен айналыса бастадық. Сонымен қатар, біздің негізгі жұмысымыз облыста, қалада орын алған мәдени іс-шараларды, маңызды жаңалықтарды мұрағатқа алу, сондай-ақ, республикалық деңгейде өтетін патриоттық бейнебаяндарға байқау ұйымдастырып отырамыз. Мақсат – өскелең ұрпақтың бойына рухани құндылықты сіңіру, отаншылдықты ояту.

– «Оңтүстік-фильм» атауы сіздерге үлкен жүктің артылып отырғанын аңғартады. Құрылғанына небәрі 1 жыл болыпты. Осы уақытта нендей тірліктер атқарылды? 

– Біздің негізгі мақсатымыз – балалар киностудиясын қалыптастыру болып отыр. Мемлекет тарапынан қаржылай қолдау болса жылына балаларға арналған 2-3 кино түсірер едік. Оған материалдық-техникалық базамыз да лайықты, білікті мамандарымыз да бар. Бүгінде «Оңтүстік-фильм» киностудиясы арқылы «Томпақ» атты балаларға арналған кино түсіріліп жатыр. Бұл – Қазақстандағы бірінші анимациялық кинотуынды. Сондай-ақ, алдағы уақытта оңтүстіктің тарихи жерлерін насихаттайтын «Ерлік» деген деректі фильм түсіру жоспарда бар. Жуырда «Оңтүстік-фильм» киностудиясы түсірген «Жаңғырық» және «Ауыл академиясы» атты қысқа метражды фильмнің тұсауы кесіледі. Бұның бәрі өз қаражатымыздан түсірілген.

«Момын мен қарақшылар»
«Момын мен қарақшылар»

– Ұлт болашағы – ұрпақ тәрбиесінде. Осы орайда анимациялық фильмнің рөлі зор екенін түсінген Ресей мен Қытай мультфильм саласын мықтап қолға алған. Ал, біз болсақ, шетелдің ұрлық пен зомбылықты насихаттайтын арзанқол, сапасыз дүниесін қазақшаға тәржімалап беріп жүрміз. Мұндайдан қашан арыламыз? 

– Биліктегілер мультфильмді баланың ойыншығы деп түсінеді. Алайда, мультфильмнің нағыз идеологиялық қару екенін естен шығармаған абзал. Сіз болып, біз болып, ата-аналар да, мұғалімдер де барша азаматтар бүгінгінің баласын, ертеңгінің батырларын ұлттық кино, мультфильмдер арқылы ұлтжандылыққа тәрбиелеуіміз керек. Қарапайым мысал, көрші Ресей бір ғана анимация саласына жылына 300 миллион АҚШ долларын бөледі екен. Олар «Три богатырья», «Илья Муромец», «Алеша Попович», «Добрыня Никитич» сияқты батырларын дәріптейтін толықметражды фильмдер шығару арқылы «великая русь», «русь непобедима», «наша русская сила» деген сияқты патриоттық сөздермен әсерлеп, балаларына өз тарихын танытып, орыс халқының рухын асқақтатып, елжанды болып қалыптасуына ықпал етуде. Ал, Алпауыт Қытай мемлекеті өз елінде шетел мультфильмдерін көрсетуге тыйым салған. Олар өз елінің мәдениеті мен салт-дәстүрін өзге елдің мәдениетімен ластамайды.

Ал Қазақстанда шетелдің мультфильмдері көптеп сатылуда. «Бала тәрбиесі – бесіктен» десек, қазіргінің бесігі теледидар болып кетті ғой. Теледидарға телмірген қаракөз балаларымыздың санасы атыс-шабысқа толы қатыгездік пен жауыздықты, өзге мәдениет пен тәрбиені, батыстық идеологияны насихаттайтын дүниелермен улануда. Ата-аналарының базардан сатып әкелген шетел мультфильмдерін азаннан кешке дейін көріп, «Тасбақа-ниндзялар», «Өрмекші-адам», «Трансформер», «Мегамозг», «Халк», «Аватар» сияқты құбыжықтарды құрметтеп, соларға еліктеп өсіп келеді. Жасөспірімдер арасындағы қылмыстың өршуі, мектептегі атыс-шабыс, өз-өзіне қол жұмсау сияқты келеңсіз жәйттардың бәрі осы өнімдерді насихаттап келе жатқан «телеидеологиялық тәрбиенің» жемісі.

«Қошқар мен Теке»
«Қошқар мен Теке»

– Батырхан Қалдарбекұлы, кәсіби маман ретінде айтыңызшы, қазіргі қазақ мультфильміне қандай баға берер едіңіз?

– Бүгінде қазақ мультфильмі өте бәсең дамып келеді. Бір сөзбен айтқанда, қазақ анимациясы тұралап тұр. Оның қанатын кеңге жайып, өрісінің кеңеюі үшін көп еңбек етіп, сапалы дүниелер ұсынуымыз керек. Сол себепті де, бұл салада атқарылатын жұмыстар көп. Қазақ халқы ақ найзаның ұшымен жерімізді қорғап қалған батырларымызбен мақтанады емес пе? Алайда, тарихта болған батырларымыз туралы бірде-бір қазақ тілді мультфильм жоқ. «Қазақфильм» киностудиясы түсірген «Ер Тарғын» мен «Ер Төстік пен айдаһар» мультфильмін алып қарасақ бірі аңыз әңгімеге негізделсе, енді бірі түпнұсқадан алшақтап, ұлттық құндылығын жоғалтқан.

– Балаларды қызықтыру үшін сюжетті қалай жасау керек? 

– Маман жеке азамат ретінде ойым, қазіргі кейбір қазақ мультфильмдері бүлдіршіндердің қызығушылықтарын арттырады. Мысалы «Толағайды» алайық, поэмада жазылған күйі түсірсек, кішкене қызықсыздау әрі баланың қабылдауы қиындау болар еді. Сондықтан, «Толағайға» біршама көңілді, заманауи сюжеттер қостық. Мысалы, ерте, ерте, ертеде… деп басталатын жырды сонау қырдың басында қария жырлап отырады. Экран артқа қарай жылжыған кезде төрт таяқтан теледидардың экранын жасап қойған көріністі көресіз. Экранды тағы артқа жылжытқанда домбырамен жыр айтып отырған атаны, бергі жақта бір топ балалар қолдарына бадырақ ұстап, кино-театрдан көріп отырған секілді сюжеттен бастадық. Бірақ негізгі айтар ойы, мағынасының бәрі сақталады. Ал егер олай түрлендірмесек балалар оны көрмейді, іш пыстыратын мультфильм ғой дейді. Себебі, қазіргі балаларды қызықтырудың өзі қиын шаруа, онша-мұншаға елең ете бермейді. Кеңес дәуіріндегі балдырғандармен салыстырғанда олардың психологиясы қатты өзгеріп кеткен. Елу жылда ел жаңа демей ме? Сол себепті заманауи элементтерді қосу арқылы, балалардың ұлттық мультфильмерді көріп өсуіне жол аша аламыз.

"Құйыршық"
«Құйыршық»

– Алдағы уақытта балақайларды қандай дүниелермен қуантпақсыз? 

– Жоспарымыз да, мақсатымыз да көп. Қолдау көрсетілсе, қазақ елін, жерін насихаттайтын, қазақ тілді мультфильмдерді дүниеге әкелер едік. Қазір «Айбынды аула» мен «Кім күшті?» деген мультфильмдерді дайындап жатырмыз. «Айбынды аула» – Қазақстанның көп ұлттылығын және ондағы тыныштық пен татулықты насихаттайды. Ал «Кім күшті?» туындысында жануарлар арасынан спорттық жарыс ұйымдастырылып, нәтижесінде қазақтың барысы жеңіп шығады. Бұл жердегі мақсат – қазақ күресін насихаттау, балаларды спортқа баулу. Өте қызық болғалы тұр. Құдай қаласа, жақын арада аяқтап қаламыз.

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан – Айжан Ермекқызы