Топырағы құнарсыз сары даланы жасыл баққа айналдырды. Шымкент тұрғыны Жайлаубай Қалмырзаев ағын су бармайтын аумақты он жыл ішінде жасыл желекпен көмкеріп, көгалдандырған. Бүгінде ауыл шетіндегі жасыл қыратта жеміс-жидектің оннан астам түрі өсіріліп, мәуелі жеміс беріп тұр.
Бұл аумақ 10 жыл бұрын не егіске, не тұрғын үй салуға жарамсыз төбешік еді. Бір тамшы су келмейтін, құнарсыз дала болған. Ал қазіргі кейпі адам танымастай өзгерген. Оған Жайлаубай Қалмырзаевтың еңбегі көп. Жасы 70-тен асқан бағбан топыраққа тыңайтқыш төгіп, тұқымнан көшет өндірді. Тіпті ағаштарға сатып алып су құйды.
Жайлаубай Қалмырзаев, бағбан: «Түрлі-түрлі жеміс ағаштарын көбейтіп жатырмын. Мынау істеп жатқаным шабдалы. Жаңғақ, пістені көбейтіп жатырмын. Тұт егіп жатырмын. Алма, алша, бадам бәрінің көшетін шығарамын».
Қазір бақтағы ең жас жеміс — пісте. Көпшілік фисташки деп атап кеткен дән. Қария оның тұқымын орман қорығындағы аумақтан арнайы әкеліп, баққа жерсіндіріп жатыр.
Жалпы Жайлаубай қарияның мамандығы агроном. Күнде таңертеңнен кешке дейін тыным таппайтын ол, ағаштар мен бақшаға, жидектерге тұрақты түрде күтім жасайды.
«Мамандығым осы болған соң қызығамын, әрі денсаулығыма пайдалы. Әрі жейтін наным, киімім шығып тұрады осы еңбектің арқасында»,-деді бағбан.
Бағбан біраз жылдан бері әкімдіктен жер сұрап жүр. Игерусіз қалған аймақ болса оны да жайқалтып, көгертуге қажырым мен қайратым жетеді дейді. Бірақ қанша арызданғанымен еш нәтиже болмай отырған көрінеді.
Бақыт Омарханов, Шымкент қалалық сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы: «Ауыл шаруашылығы үшін жер қарастырылмаған. Тек қана бизнеске арналғандарды аукционға шығарамыз. Конкурс арқылы сатып алады тек қана. Бірақ мақсаты — бизнес болады».
Жасыл желек бау-бақша бағбанның меншігіндегі жер емес. Соған қарамастан оны баққа айналдырған Жайлаубай Қалмырзаев, бұл жер кейінгі ұрпаққа сая болса дедім дейді. Тіпті бағбан кезінде Өзбекстанда да 2 гектар жерді жүзім алқабына айналдырып, көптің алғысын алған екен.