Шымкенттік жігіт беташар табағына 100 мың теңге мен көлігінің кілтін салды

5181

Досының қуанышын ортақтасқан шымкенттік жігіт жаңа түскен келіннің беташар рәсімінде мәрттік танытты. 21 жастағы Бақдәулет Жарылқасын табаққа 100 мың теңге мен өзі мініп жүрген көліктің кілтін салды.

Салтанатты рәсімдегі сәттің видеосын ол өзінің ТікТок парақшасында жариялаған.

«Еркек сөз берді, уәдесінде тұрды» — деп жазды ол.

Бейнежазбада асаба жас келінге сәлем салдырып, шаңырақ көтерген жігіттің досын ортаға шақырады. Ол табаққа 100 мың теңгені санап салып, уәде етілгендей, көліктің кілтін табаққа салатынын айтады. 21 жастағы шымкенттіктік бұл мәрттігіне беташарға жиналғандар мен тіпті асабаның өзі таң қалды.

Видеоны көрген желі қолданушылары да жомарттық танытқан жігітке риза болды.

«Ер азамат екен. Қазіргі заманда мұндай қолы ашық жандар аз ғой», «Жарайсың, міне нағыз дос», «Мықты, екі жас бақытты болсын», «Біздің Шымның жігіттері мәрт қой шіркін», «Дос болса, осындай болсын», «Алла достықты ажыратпасын» деп жазды желідегілер.

Otyrar.kz тілшісі беташарда көпшілікті өзіне қаратқан Шымкент тұрғынының өзімен хабарласып, мән-жайды сұрап білді.

Бақдәулет Жарылқасынның айтуынша, бұл бала күнінен бірге өскен Бекзат есімді досы үйленіп, келіннің беташар рәсімі кезінде түсірілген видео. Жас жігіт бұған дейін өз парақшасында бейнежазба жариялап, егер оған NNN лақап атымен белгілі блогер пікір қалдырса, беташарда табаққа 200 АҚШ доллары мен өз көлігінің кілтін саламын деп сөз берген екен. Мұны көрген блогер алғашында сенімсіздік білдіріп пікір қалдырып, кейіннен сөз берген соң орындау керектігін алға тартқан.

Шымкент тұрғыны беташар табағына кілтін салған «Опель Вектра» маркалы көлігін  өзі бір жылдай мініп жүрген.

«Сөз берген соң жігітше сол уәдеде тұру керек қой. Мен досыма берген уәдемде тұрдым. Шынымды айтсам, көлікке деген ешқандай қимастық болған жоқ. Бөтенге емес, өзімнің бала күнімнен бірге өскен досыма берілді. Ешқандай өкінбеймін. Өзім қарапайым ғана сатушымын. Маңдай теріммен жиған-тергенім. Ешқандай бай-бағланның баласы емеспін. Егер байдың баласы болсам, табаққа 100 мың емес, одан да көп  салар едім. Қазір өзімнің жеңіл көлігім жоқ. Мопедпен жүрмін»,-деді ол.

Бақдәулет Жарылқасын өз сөзінде келер айдың соңына қарай тағы бір досы үйленуді жоспарлап жүргенін, ол кезде беташар табағына 200 мың теңге салуды көздеп отырғанын алға тартты.